20.08.2020, 15:00

Еуроодақ елдері Беларусь халқына ақшалай көмек беретін болды

фото: 24.kz
Қаржылай көмек Беларусь жұртына билік арқылы емес, тікелей аударылмақ.

19 тамызда Еуроодақ елдерінің басшылары шұғыл саммит ұйымдастырып, Беларусьтің жоғары лауазымды тұлғаларына жеке-жеке санкция салуға шешім қабылдады. Сонымен қатар, бұл жиында Беларусь халқына қомақты қаржылай көмек беру туралы мәселе пысықталған, деп хабарлайды Skifnews.kz  ақпарат порталы.

Азаттық рухы сайтының жазуынша, қаржылай көмек Беларусь жұртына билік арқылы емес, тікелей аударылмақ. Бұл туралы саммиттен кейін журналистер алдына шыққан Еурокомиссия төрағасы Урсула Фон дер Ляйен хабарлаған.

«Біз онсыз да Беларусьті Шығыс әріптестік бағдарламасы аясында қолдаймыз. Бірақ қазір көмекті азаматтық қоғам мен Беларусь халқының әлсіз топтарына бағыттау аса маңызды. Биліктің зорлық-зомбылығынан зардап шеккен Беларусь халқына қомақты қаржылай көмек беріледі», - деді Фон дер Ляйен.

Оның айтуынша, Еурокомиссия қосымша 53 млн еуро аударады. Оның 2 млн еуросы «репрессия» құрбандарына, 1 млн еуро азаматтық қоғам мен тәуелсіз БАҚ-қа, 50 млн-ы Беларусь денсаулық сақтау жүйесі мен коронавируспен күреске бағытталмақ.

Алайды Беларусь елінің су жаңа үкіметі сырттан келетін ақшаның жолын бөгеу мақсатында шаралар қабылдауға көшкен. Лукашенко сонымен бірге Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізіп, елдің құрылымдық күштеріне шекарадағы қауіпсіздікті күшейтуді тапсырған.

Оқи отырыңыз: Еуроодақ Беларусьтің жоғары лауазымды тұлғаларына санкция салуға шешім қабылдады

«Мемлекеттік шекара комитетіне Беларуське сырттан жауынгерлер, қару-жарақ, ақша кірмеуі үшін шекараны күшейтуді тапсырамын. Бәріне емес, ақша тапқысы келетіндерге төлеп жатыр. Көшеде гүл ұстап тұру үшін, тағы бірнәрселер жасау үшін беріп жатыр. Бәрі бірдей ондай дей алмаймын. Бірақ, ашық түрде үлкен көлемде қаржы жіберіліп жатыр», - деген ол.

Беларусь қалаларындағы митингтер әлі жалғасып жатыр.