Америкалық кәсіпкер әрі өнертапқыш Илон Маск миды чиптеу жобасы барысымен бөлісті. Сөйтіп, Ютубтағы онлайн трансляция кезінде миллиардер миына чип енгізілген шошқаны көпшілікке көрсетті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, БАҚ мәліметтерін негізге ала отырып.
Құрылғының көлемі тиындай ғана, диаметрі небәрі 8 миллиметр. Шошқа бір затты иіскегенде құрылғы белгі беріп, тұмсығы тиген сайын ми имплантында импульстар тіркеліп отырады. Өнертапқыштың айтуынша, бұл болашақта адамның күрделі неврологиялық ауруларын емдеуге мүмкіндік бермек.
Еске сала кетсек, 2016 жылы Илон Маск негізін қалаған Neuralink компаниясы бүгінде сол миды чиптеу жобасымен айналысып жүр. Миллиардер құрылғыны адам миына орналастыруға биыл рұқсат алуды көздейді.
«Бұл құрылғының бірнеше функциясы бар. Ол адамның дене қызуын өлшеп отырады. Сөйтіп, миында чипі бар кісінің денсаулығын бақылап, жүрек ұстамасы немесе инсульт жайлы ескертеді. Мұны миыңыздың ішіндегі мобильді телефон деуге болады», - дейді Илон Маск.
Сондай-ақ, ол адамдарды чиптеудің бағасын да айтты. Сөзіне қарағанда, алғашында оның бағасы қымбат болмақ. Кейін біртіндеп арзандауы мүмкін.
«Біз оның бағасы бірнеше мың долларға арзандағанын қалаймыз. Оның ішінде автоматты режимде жүргізілетін хирургиялық операцияның бағасын қосу керек», - деді кәсіпкер, онлайн көрсетілімде.
Айтуынша, болашақта адамдарды чиптеу бойынша операция толығымен автоматтандырылуы да мүмкін.