Ғалымдардың жерден тыс тіршілік белгілерін іздеуі алғашқы жемісін беруі мүмкін. Шолпан атмосферасында олар сирек кездесетін химиялық қосылысты анықтаған. Бұл онда тірі микроорганизмдердің болуы мүмкін екенін білдіреді. Бұл туралы дүйсенбіде Кардифф университетінің профессоры Джейн Гривз бастаған халықаралық ғалымдар тобы арнайы шақырылған баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Ашылу туралы мақала Nature Astronomy журналында жарияланды, деп хабарлайды aikyn.kz.
Табылған зат – фосфин (фосфор гидриді, РН₃) – түссіз улы газ. Табиғи жағдайда өте сирек кездеседі. Жерде ол негізінен өндірістегі химиялық реакция нәтижесінде жасанды жолмен алынады. Сондай-ақ, фосфин найзағайдың әсерінен және вулкандық белсенділік нәтижесінде аз мөлшерде ғана пайда болуы мүмкін. Ал Шолпанда бұл газдың едәуір қоры табылды.
Бұл ғалымдарға балама болжам жасауға мүмкіндік берді: мұндай мөлшерде фосфинді табиғи түрде оттегі жоқ ортада өмір сүретін бактериялардың тіршілік әрекеті нәтижесінде алуға болады.
«Біз jcmt сияқты қуатты телескоптың мүмкіндіктерін сынап көру үшін тәжірибе жүргіздік. Бірақ, Шолпан атмосферасындағы бұлттар фосфинге бай болатынын анықтаймыз деп мүлде ойламадық. Шолпан фосфинінің [атмосферада] болуы туралы алғашқы белгілерін алған кезде таңданысымызда шек болмады!» - деді профессор Гривз.
Шолпан біздің планетамызға қарағанда күнге бір жарым есе жақын және оның беті тіршіліктің кез келген формасы болуы үшін тым ыстық. Ондағы орташа температура шамамен 460 градус, мұндай жағдайда қорғасын да ериді. Алайда, ғалымдар бірнеше ондаған жылдар бойы бактериялар планетаның негізінен азот пен күкірт диоксиді бар көмірқышқыл газынан тұратын атмосфера қабығында тіршілік етуі мүмкін екенін болжап келген.
Бұл болжамды тексеру үшін астрономдар алдымен Гавайда орналасқан үлкен jcmt инфрақызыл телескопының көмегімен планетаның атмосферасын зерттеді (негізгі айна диаметрі – 15 м), содан кейін Чили Атакама шөліндегі 45 телескоптан тұратын ALMA кешенінің көмегімен алынған мәліметтерді нақтылады.
Сонымен қатар, ғалымдар әзірге бұл Шолпандағы тіршілік бар екендігінің дәлелі емес, тіршілік болуы мүмкін екендігінің дәлелі ғана, фосфиннің шығу тегі бізге әлі белгісіз тағы бір түрі болуы мүмкін екенін атап өтті.