$ 494.87  520.65  4.91

Александр Лукашенко ешкімге білдірместен инаугурациясын өткізіп алды

Ант беру рәсімінің болатынын көп адам білмеген. Оның өтетіні жайлы алдын ала хабарланбады.
фото: azattyq.org
фото: azattyq.org

Беларусьте наразылық шаралары жалғасып жатқан шақта Александр Лукашенко ант беріп, президент қызметіне кірісті. Инаугурация рәсімінің болатынын көп адам білмеген. Оның өтетіні жайлы алдын ала хабарланбады. Мемлекеттік "Белта" агенттігінің жазуынша, "салтанатты рәсім" 23 қыркүйекте Тәуелсіздік сарайында өткен, деп хабарлады Азаттық сайты

Заң бойынша, президенттің ант беру шарасынан республикалық телеарналар мен радиолардан трансляция жасалуы керек. Бірақ жергілікті телеарналардан ант беру рәсімі көрсетілмеген.

Мемлекеттік агенттіктердің хабарлауынша, Лукашенко инаугурациясына жүздеген адам шақырылған. Олардың арасында жоғары лауазымды тұлғалар, депутаттар, республика кеңесінің мүшелері, мемлекеттік орган басшылары, жергілікті атқару орган өкілдері, ақпарат құралдары, ғылым, мәдениет, спорт қайраткерлері бар.

Лукашенко беларусь тілінде ант берген. Бұдан соң ант бергені жайлы актіге қол қойып, орталық сайлау комиссиясының төрайымы Лидия Ермошина оған Беларусь республикасының төлқұжатын тапсырған.
"Настоящее время" арнасының хабарлауынша, сәрсенбі күні таңертеңнен бастап Минск тұрғындары Тәуелсіздік сарайы алдында әскери техника мен сарбаздар тұрғанын көрген. Инауграция жайлы сыбыс шықса да саясаткерлер оны жоққа шығарған.

Елде 9 тамыздан бері наразылық шаралары жалғасып келеді. Наразылар президент сайлауының қорытындысы бұрмаланды деп есептейді. Олар Лукашенко отставкаға кетіп, елде жаңадан әділ сайлауы өтуі тиіс дейді.
66 жастағы Беларусь басшысы наразылыққа шыққандарды күшпен басып, көптеген азаматтар қамау орындарында азаптауға ұшырағанын айтқан.

Бұған дейін оппозиция жетекшісі Светлана Тихановская инаугурация өткізу заңсыз болады деп мәлімдеген.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары