24.09.2020, 14:20

Еуропа Одағы Лукашенконың инаугурациясы демократиялық заңдылықтан айырылғанын мәлімдеді

ОСК заңға сәйкес, сайланған президентті ұлықтау рәсімі сайлау күнінен бастап екі ай ішінде өтуі керек деп мәлімдеді.

Еуропа Одағы Беларусь президенті Александр Лукашенконың инаугурациясы демократиялық заңдылықтан айырылғанын мәлімдеді.

Еуроодақ дипломатиясының басшысы Жозеп Боррелдің айтуынша, бұл Беларусь еліндегі дағдарыстың күшеюіне әкеледі, деп хабарлайды РИА Новости.

"Еуроодақ Беларусьте 9 тамызда өткен президенттік сайлау еркін және адал өтпегенін тағы да қайталайды. ЕО сайлаудың жалған нәтижелерін мойындамайды. Осыған сүйене отырып, 2020 жылдың 23 қыркүйегінде өткен ұлықтау рәсімі және Лукашенко дәмелі болып отырған жаңа (президенттік) мандат кез келген демократиялық заңды күшінен айырылды", - делінген құжатта.

Беларусьтегі сайлау мен президент инаугурациясы

Тоғызыншы тамызда Беларусь елінде президент сайлауы өтті, орталық сайлау комиссиясының нәтижелері бойынша сайлауда 80,1% дауыс жинаған қазіргі мемлекет басшысы Александр Лукашенко жеңіске жетті.

ОСК заңға сәйкес, сайланған президентті ұлықтау рәсімі сайлау күнінен бастап екі ай ішінде өтуі керек деп мәлімдеді.

23 қыркүйекте Александр Лукашенко президент қызметіне кірісті. Ұлықтау рәсімі Минскідегі Тәуелсіздік сарайында жасырын түрде өтті, ел билігі бұл туралы алдын ала хабарламады.

Ұлықтау рәсіміне жүзден аса адам шақырылды. Олардың қатарында жоғары лауазымды тұлғалар, өкілдер палатасының депутаттары және республикалық кеңестің мүшелері, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, жергілікті атқарушы және басқарушы органдардың, республикалық бұқаралық ақпарат құралдары басшылары, ғылым, мәдениет және спорт қайраткерлері бар.

Конституцияға оң қолын қойып, Александр Лукашенко беларусь тілінде ант берді. Содан кейін ол ант беру туралы актіге қол қойды.

Осыдан кейін Беларусь орталық сайлау комиссиясының төрағасы Лидия Ермошина Александр Лукашенкоға мемлекет басшысының куәлігін табыс етті.