$ 494.87  520.65  4.91

АҚШ пен Еуропа елдері Лукашенконы заңды президент деп танудан бас тартатындарын мәлімдеді

Сайлау қорытындысы бұрмаланған және заңдылық жоқ. АҚШ Александр Лукашенконы Беларусьтің заңды сайланған басшысы деп тани алмайды.
Фото: eadaily.com
Фото: eadaily.com

23 қыркүйекте Беларусьте Александр Лукашенконың "жасырын" инаугурациясынан кейін Минск пен елдің өзге қалаларында наразылық ушығып, арнайы жасақ демонстранттарды тарату үшін су шашып, резеңке сойыл қолданды, деп жазады Азаттық сайты.

Елде президенттің отставкасын талап еткен наразылық акциялары жалғасып жатқан тұста сәрсенбі күні Лукашенко алтыншы рет ант беріп, президент қызметіне кіріскен еді. 9 тамыз күнгі президент сайлауынан кейін сайлау қорытындысын мойындаудан бас тартып, әділ сайлау өткізуді талап етіп келе жатқан оппозиция Лукашенконың "жасырын" инаугурациясын сынады.

Биліктің бейбіт шеруге шыққандарды күшпен басып, тағы қамағаны жайлы ақпараттар тараған кезде АҚШ Лукашенконы елдің заңды президенті деп танудан бас тартатынын мәлімдеді.

"Сайлау қорытындысы бұрмаланған және заңдылық жоқ. АҚШ Александр Лукашенконы Беларусьтің заңды сайланған басшысы деп тани алмайды" деді Азат Еруопа/Азаттық тілшісіне америкалық дипломаттардың бірі.

АҚШ мемлекеттік департаменті "тәуелсіз бақылаушылардың қадағалауымен еркін әрі әділ сайлау" өткізуге жағдай жасайтын "ұлттық даилогқа шақырды".

Инаугурация рәсімінен кейін ел астанасында стихиялық наразылық тұтанды. Мыңдаған адам "Минск - батыр қала" мемориалы маңына жиналды. Қараңғы түскеннен кейін наразылар кейбір көшелерді жапты. "Весна" құқық қорғау ұйымы Минск, Брест және өзге қалаларда ұсталған кемінде 140 адамның аты-жөнін жариялады.

Сәрсенбі күні Лукашенконың алдын ала хабарланбаған инаугурациясынан кейін Еуроодаққа мүше кейбір елдер атап айтқанда Балтық елдері, Германия, Польша, Дания, Чехия, Словакия Лукашенконы Беларусьтің заңды президенті деп танымайтынын мәлімдеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары