Харьков маңындағы Ан-26 апатынан аман қалған украиндық курсант Вячеслав Золочевский БАҚ-та жазылған ақпаратты жоққа шығарды. Ол апатқа дейін ұшақтан секірмегенін айтты. Курсант болған оқиғаны ауруханаға келген Украина президенті Владимир Зеленский мен Харьков облыс әкімшілігінің басшысы Алексей Кучерге айтып берді. Бұл туралы Украина президентінің сайты хабарлады, деп жазады baribar.kz.
Қазір Вячеслав Золочевскийдің жағдайы орташа. Ол Зеленскийге ұшақ апаты кезінде не болғанын бірден түсінбегенін, бәрі жылдам болғанын айтты. Алексей Кучердің айтуынша, курсант «бәрі компьютер ойынындағыдай болды» деген.
«Біз оны сұрақтармен қинамадық, тек не көмек керегін сұрадық. Бәрі есінде емес, себебі, ол белгілі бір уақытта талып қалған. Өз-өзіне келген соң ұшақ сынықтарынан шығып, кейін жанып жатқан әріптесін сөндіре бастаған. Ол ұшақта отырып аман қалды», – деді Кучер.
Золочевскийдің айтуынша, ол курсанттар мен экипаж мүшелерімен таныс болған және бұған дейін де бірге ұшқан.