$ 494.87  520.65  4.91

Навальный өзіне «у бергендердің» артында Путин тұрғанын мәлімдеді

Бұл қылмыстың артында Путин тұр деп санаймын, оқиғаны басқаша түсіндіре алмаймын
Фото: azattyq.org
Фото: azattyq.org

Ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальный өзіне у бергендердің артында Путин тұр деп мәлімдеді. Саясаткер бұл пікірін немістің "Шпигель" журналына берген сұхбатында айтқан, деп жазады Азаттық радиосы

"Бұл қылмыстың артында Путин тұр деп санаймын, оқиғаны басқаша түсіндіре алмаймын" деді Навальный журнал тілшісіне. Оппозиционер Ресейге оралуды жоспарлап отырғанын, қоқан-лоқылардан "қорықпайтынын" айтқан. Сұхбаттың толық нұсқасы жақын арада жарияланады.

20 тамызда Томскіден Мәскеуге ұшып бара жатқан жолда ұшақта саясаткердің жағдайы күрт нашарлап, ұшақ Омбыға қонған болатын. Бастапқыда Навальный Омбы ауруханасына жатқызылды. Екі күннен соң туыстары мен жақтастарының талабымен Берлин клиникасына ауыстырылды.

2 қыркүйекте Германия үкімінің ресми өкілі Штеффен Зайберт зертхана мамандарының қорытындысына сүйене отырып, Навальныйдың ағзасынан "Новичок" тобына жататын у қалдықтары табылды деп мәлімдеген. Германия канцлері Ангела Меркель Ресейден оқиғаны түсіндіруді талап етті. Франция мен Швецияның тәуелсіз зертханалары да бундесвер зертханасының қорытындысын растап, Навальныйдың "Новичок" тобына жататын удан уланғанын айтты. Ал Омбы ауруханасы мамандарының сөзіне сүйенген Ресей билігі саясаткердің ағзасынан у табылмағанын, қылмыстық іс қозғауға негіз жоқ екенін айтқан.

Өткен апта басында Берлиндегі "Шарите" клиникасы саясаткерді ауруханадан шығарған. Ол қазір Германияда айықтыру курсынан өтіп жатыр. Навальный клиникада 32 күн жатқан, 24 күн реанимация бөлімінде болған.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары