Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев "Әл-Жазира" телеарнасына берген сұхбатында Таулы Қарабақтағы қақтығысты тоқтату шартын атады. АЗЕРТАДЖ агенттігі сұхбаттың толық мәтінін жариялады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Әлиевтің айтуынша, армян әскері жаулап алынған аумақтардан шығуы керек.
"Біздің ұстанымымыз өзгеріссіз қалады. Менің талаптарым халықаралық құқыққа толық сәйкес келеді. Себебі бүкіл әлем Әзербайжанның аумақтық тұтастығын мойындайды және әлемнің бірде-бір елі Таулы Қарабақ Республикасын мойындамайды". Менің сөздерім БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі қарарының мәтіні деп айтуға болады.
Олар біздің аумақтан кетуі керек, содан кейін ғана соғыс тоқтайды, жанжал аяқталады. Белгілі бір уақыттан кейін ғана Армения мен Әзербайжан өкілдері бейбітшілік жағдайында бірге өмір сүре алатын шығар. Бұл біздің ұстанымымыз. Ол өзгермейді. Ол тарихи шындыққа, халықаралық құқыққа, сондай-ақ, менің ойымша, аймақтағы қазіргі саяси немесе геосаяси шындыққа негізделген. Менің ойымша, Армения үкіметі жаһандық аренада өзінің "маңыздылығын" асырып жіберді. Ал қазір олар жеңіліске ұшырап жатыр", - деді Әлиев сұхбатында.
Естеріңізге сала кетейік, 27 қыркүйекте Таулы Қарабақта соғыс жағдайы енгізілген болатын. Армения да Қарабақтағы оқиғаларға байланысты әскери жағдай мен жалпы мобилизация жариялаған еді.