06.10.2020, 06:03

Бішкектегі митинг: 100-ден астам адам ауруханада жатыр

Ұлттық госпитальға 40 адам жеткізілді, оның екеуі – жансақтау бөлімінде.

Бішкекте жергілікті сағат 24.00-дегі жағдай бойынша митингіге қатысушыларды тарқату барысында 122 адам зардап шегіп, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Кабар агенттігіне сілтеме жасап.

Елдің Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Бішкектің Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу орталығына барлығы 65 адам түсті. Олардың ішінде 40 адам – күш құрылымдарының қызметкерлері. 2 зардап шегуші сынық жарақаттармен жансақтау бөліміне жатқызылды.

Дәрігерлер жағдайларын ауыр деп бағалауда. Ұлттық госпитальға 40 адам жеткізілді, оның екеуі – жансақтау бөлімінде.

№1 Қалалық клиникалық ауруханаға 2 адам жатқызылған. Шу облыстық ауруханасына 7 зардап шегуші жүгінген. Алғашқы медициналық көмектен кейін олар амбулаторлық ем қабылдау үшін үйлеріне жіберілді. Ұлттық хирургия орталығына 7 адам түскен. Оның ішінде біреуі емін амбулаторлық жағдайда қабылдайтын болады. Қаза болғандар жоқ.

Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сәйкес, Бішкек қалалық Шұғыл көмек орталығының фельдшеріне шабуыл жасалған. Ол ауруханаға жатқылды. Жедел жәрдем бригадасының екі көлігі зақымдалған.

Еске салайық, жексенбі, 4 қазан күні Қырғызстанда Жогорку Кенешке депутаттарды сайлау өтті. Депутаттық мандатқа 16 партия үміткерлік етті. Дауыс берудің алдын ала мәліметі бойыншы, 7% межені 4 партия еңсерді.

Ал, кеше, 5 қазан күні сайлау нәтижесіне көңілі толмаған бір топ адам орталық алаңда митинг ұйымдастырып, одан кейін Ақ үйге беттеді. Оларды тарқату үшін милиция көз жасаурататын газ, суатқыш және газ-шуылды құрылғылар қолданған.

Бішкек уақытымен сағат 22.00-дегі мәлім бойынша, ауруханаға зардап шеккен 16 адам жеткізілген.

Елдің Ішкі істер министрлігі митингті ұйымдастырушылар мен партия басшыларын өз жақтастарын үйлеріне қайтаруға шақырды.

Кейін Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков ертең, 6 қазан күні парламенттік сайлауға қатысқан барлық 16 партия басшысымен кездесетіні мәлім етілді.

Айта кетейік, елдің Орталық сайлау комиссиясы дауыс берудің соңғы нәтижесін сайлаудан кейін 20 күннен кешіктірмей жариялауы тиіс.