14.10.2020, 15:00

Садыр Жапаров ресми түрде Қырғызстанның премьер-министрі болып сайланды

Айта кетерлігі, бұл - депутаттар премьер-министрді сайлап жатқан үшінші отырыс.

Жогорку Кенеш Садыр Жапаровты тағы да премьер-министр етіп сайлады. Сондай-ақ, Үкіметтің құрамы мен бағдарламасы бекітілді, деп хабарлайды Sputnik Қырғызстан.

Бүгін Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков жаңа премьер-министр Садыр Жапаровтың заңдылығына күмән келтіріп, оны Жогорку Кенешке қайта сайлау туралы қаулыны қайтарған еді.

«Елдегі тұрақтылықты сақтау және нығайту үшін біздің барлық шешімдеріміз заңды болуы және күмән тудырмауы тиіс», - деп атап өтті Жээнбеков.

Осыған байланысты бүгін, 14 қазанда депутаттардың кезекті отырысы өтті, онда Жапаровтың Үкімет басшысы лауазымына кандидатурасы мақұлданды. Бекіту туралы қаулы Президентке жіберілді.

Айта кетерлігі, бұл - депутаттар премьер-министрді сайлап жатқан үшінші отырыс.

Алайда, Бішкектің орталығында Садыр Жапаров жақтастарының митингісі басылар емес. 

Еске салайық, 10 қазанда Садыр Жапаров Қырғызстанның премьер-министрі болып тағайындалды. Заңгерлер шешімнің заңдылығына күмән келтірді - Парламент регламентінің бірқатар рәсімдері бұзылды. Осыдан бірнеше күн бұрын депутаттар Жапаровты премьер-министр деп бекітті, бірақ содан кейін заң бұзушылықтар орын алды деп хабарланды.

6 қазанда Жапаров Бішкектегі Ақ үйді басып алған демонстранттар көмегімен колониядан босатылды. Колонияда ол 2013 жылы Қаракөлде митинг ұйымдастырғаны үшін жазасын өтеп, Құмтордың алтын кен орнын мемлекет меншігіне алуды және сол кездегі губернатор Эмильбек Каптагаевты кепілге алуды талап етті. Осы қылмыстары үшін сот оны күшейтілген режимдегі мекемеде 11,5 жылға бас бостандығынан айырған.