Еуропаның бірқатар елінде коронавирус жұқтырғандар саны күрт өсті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Италияда жұмада эпидемия кезінде алғаш рет бір тәулікте COVID-19 инфекциясын 10 мыңнан аса адам жұқтырды. Мұның алдында рекорд бір күн бұрын орнаған - 8804 жағдай анықталды. Ал оның алдында бұл көрсеткіш алғаш рет жеті мыңнан асты.
Германияда күнделікті өсім алғаш рет жеті мыңнан асты. Португалияда үшінші күн қатарынан коронавирус жағдайларының рекорд өсуі тіркелді, соңғы тәулікте 2 608 адамға COVID-19 диагнозы қойылды.
Чехияда 15 қазанда 9721 адамнан коронавирус анықталды, бұл елдегі бүкіл пандемия кезеңіндегі ең жоғары көрсеткіш.
Пандемия басталғалы бір тәулікте COVID-19 жұқтырғандардың саны бойынша рекорд орнаған елдер - Босния және Герцеговина (621 жағдай), Солтүстік Македония (535), Словения (834).
Пандемия басталғалы инфекция жұқтырғандардың тәулік өсімі бойынша рекорд көрсеткіштер Нидерландыда (7997), Литвада (281), Болгарияда (914), Хорватияда (1131), Ресейде (15 150), Албанияда (257), Австрияда (1 552), Польшада (8099) тіркелді.
Күн сайын Еуропада 330 мыңнан аса жаңа жағдай тіркеледі. Еуропа билігі пандемияның "екінші толқыны" туралы айтып жатыр.
Францияда төтенше жағдай режимі мен коменданттық сағат енгізіліп жатыр. Қазір кешкі тоғыздан таңғы алтыға дейін француздар үйде отыруға міндетті. Ол уақытта дүкендер мен өзге де қоғамдық мекемелер жабылады.
Бельгияда билік 19 қазаннан бастап коронавирус инфекциясының көбеюіне байланысты елдегі барлық барлар мен мейрамханаларды төрт аптаға жабу туралы шешім қабылдады.
Еуропалық Кеңестің басшысы Шарль Мишель Еуропадағы COVID-19 жағдайы өте ауыр екенін, Еуропалық Одақ елдерінің басшылары вирустың таралуына қарсы күресу үшін көбірек әрекет етуі қажет деп айтты.