$ 448.89  477.93  4.76

Пашинян Әзербайжанмен бітімге келуге дайын екенін мәлімдеді

Біз де бейбітшілік болғанын қалаймыз.
фото: armenia.im
фото: armenia.im

Армения премьер-министрі Никол Пашинян Таулы Қарабақтағы қақтығысты бейбіт реттеу мәселесі бойынша Мәскеуде Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен келіссөз өткізуге дайын екенін мәлімдеді, деп жазады Азаттық сайты. 

Пашинян ол үшін Таулы Қарабақтың мәртебе мәселесі шешілуі тиіс дейді. Ол ТАСС агенттігіне берген сұхбатында аймақтың статусын Таулы Қарабақ халқы анықтауы тиіс деп мәлімдеген.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев те ТАСС агенттігіне қақтығысты реттеу бойынша келіссөзге дайын екенін білдірген.

“Біз де бейбітшілік болғанын қалаймыз, алайда Арменияға қарағанда біз өзімізге тиесілі жерді қайтарғымыз келеді” деген.

“Новая газета” басылымының жазуынша, өзін республика жариялаған Таулы Қарабақтың қорғаныс билігі 27 қыркүйектен бері 729 армян сарбазының қаза тапқанын хабарлаған. Ал Әзербайжан тарабы нақты қанша сарбаздың мерт болғанын айтпады.

Осыған дейін Әлиев әскери қимылдар тоқтаған соң адам шығыны туралы мәлімет жарияланатынын хабарлаған.

Таулы Қарабақтағы шиеленіс 27 қыркүйек күні тағы да қақтығысқа ұласты. Салдарынан кемі 600 сарбаз бен бейбіт тұрғын қайтыс болды. Бұл екі ел арасындағы алты жылғы соғысты аяқтаған 1994 жылғы бітімнен кейінгі ең ірі қақтығыс саналып отыр.

Халықаралық деңгейде Әзербайжанның территориясы саналатын Таулы Қарабақты 1994 жылғы бітімнен бері Ереван қолдауына ие этникалық армяндар бақылауда ұстап отыр.

Қазіргі жанжал оған Әзербайжжаның одақтасы Түркия және Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы аясында Арменияның территориялық тұтастығын қорғауға міндеттеме алған Ресей қатысар болса, халықаралық жанжалға айналып кетуі мүмкін деген алаңдаушылық бар.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары