Қырғызстанның премьер-министрі Садыр Жапаров президенттік сайлауға қатысады. Бұл туралы ол аудандардың біріне барған жұмыс сапары кезінде мәлімдеген, деп жазады qazaqtimes.com сайты.
Садыр Жапаров президенттік өкілеттігінен желтоқсанда бас тартады. Ол мәлімдемесінде: «10 қаңтарда сайлау өтеді. Мен де оған қатысамын. Сайлауда жеңісе жетсем, президент боламын, жеңбесем, қатардағы адам болып жүре беремін», – деді.
15 қазанда Қырғызстанның президенті Сауранбай Жәнібеков (Сооронбай Жээнбеков) отставкаға кеткенін жария етті. Заң бойынша оның өкілеттілігі Жоғары кеңеш спикеріне өтуге тиіс. Алайда, сипкер өкілеттіліктен бас тартқандықтан президенттің құзіретті билігі жақында ғана түрмеден шыққан Садыр Жапаровтың қолына өтті.
Бұл жағдайға халықаралық ұйымдар алаңдаушылық білдірген. Еуропалық одақ өкілдері Қырғызстандағы саяси жағдайға байланысты мәлімдемесінде, президенттің өкілеттілігі жаңадан келген премьер-министрге берілгені күмән туғызатынын айтқан. БҰҰ тарабы да Қырғызстандағы саяси күштерді құқықтық нормаларды сақтауға шақырған.
14 қазанда қырғызстан парламенті кезектен тыс отырысында Садыр Жапаровты үкімет басшысы етуді мақұлдаған. Ол 4 қазанда өткен парламенттік сайлаудан кейінгі ереуілдер кезінде түрмеден шыққан болатын. 2013 жылы Қырғызстан билігі Жапаровты Құмтөр алтын кенішін мемлекет иелігіне алу талабымен Қарақол ауылында митинг ұйымдастырып, сол кездегі Ыстықкөл облысның әкімін кепілге алған деген айыппен 2017 жылы тамызда соттап, 11 жылға түрмеге қамаған еді.