12.11.2020, 00:18

Ереванда уақытша үкіметтің құрылуын талап еткендер митингке шықты

Армения полицейлері елдегі соғыс жағдайына байланысты жаппай акциялар ұйымдастыруға тыйым салынғанын ескертті.

Ереванда Премьер-министр Никол Пашинянның қызметінен кетіп, уақытша үкіметтің құрылуын талап еткендер митингіге шықты. Оппозиция өкілдері РФ Президенті Владимир Путин, Әзербайжан Президенті Ильхам Алиев және Армения Премьер-министрі Никол Пашинян Таулы Қарабақ маңындағы соғысты тоқтату туралы ортақ мәмілеге қол қойғаннан кейін қарсылық шарасына шығып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ереван орталығындағы Бостандық (Свобода) алаңында Таулы Қарабақтағы қақтығысты тоқтату туралы РФ, Әзербайжан мен Армения көшбасшыларының ортақ мәлімдемесіне оппозиция өкілдері қарсылық танытып жатыр. 

17 партиядан құралған оппозиция митингі кезінде тығырықтан қалай шығуға болатыны туралы өз жоспарын ұсынды: «Ұлттық құтқару комитетін» құру, Никол Пашинянді қызметінен бостау және қазіргі үкіметті таратып, уақытша үкімет құру. Сондай-ақ, митингі ұйымдастырушылары мен қатысушылары кезектен тыс Парламент отырысын шақыруды талап етіп жатыр. 

«Арменпресс» басылымының хабарлауынша, митингіден кейін қатысушылар Бостандық алаңынан Армения Үкіметі ғимаратына барып, содан кейін Парламент ғимаратына кетті. Армения полицейлері елдегі соғыс жағдайына байланысты жаппай акциялар ұйымдастыруға тыйым салынғанын ескертті.

 «Арменпресс» мәліметі бойынша, Нұр-Сұлтан уақытымен 15.30-да полиция 79 адамды алып кетті. 

Естеріңізге сала кетейік, 9 қарашада Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Алиев, Армения Республикасының премьер-министрі Никол Пашинян және Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин 2020 жылдың 10 қарашасынан, Мәскеу уақытымен 00 сағат 00 минуттан бастап Таулы Қарабақ маңындағы соғыс жағдайын толық тоқтату туралы мәлімдемеге қол қойды.  

Тегтер: митинг Ереван