$ 498.34  519.72  4.85

Ұлыбританияда алғашқы тұрғынға Pfizer/BioNTech вакцинасы салынды

Коронавирус вакцинасы бірінші Маргарет Кенан есімді 90 жастағы әйел адамға салынған. Осы аптада 91 жасқа толатын тұрғын екпені "бұл туған күніме жасалған ең керемет сыйлық" деп атаған.
Фото: azattyq.org
Фото: azattyq.org

8 желтоқсанда Ұлыбритания тұрғындарға коронавирус вакцинасын жаппай егу бағдарламасын бастады. Бірінші кезекте медицина қызметкерлері мен 80 жастан асқан адамдар вакцинациядан өтеді, деп жазады Азаттық.

BBC сайтының жазуынша, коронавирус вакцинасы бірінші Маргарет Кенан есімді 90 жастағы әйел адамға салынған. Осы аптада 91 жасқа толатын тұрғын екпені "бұл туған күніме жасалған ең керемет сыйлық" деп атаған.

Екі күн бұрын Ұлыбританияға америкалық Pfizer және германиялық BioNTech компаниясы бірігіп әзірлеген коронавирус вакцинасының алғашқы партиясы (800 мың доза) жеткізілген еді. Өткен аптада Ұлыбритания әлемде бірінші болып бұл вакцинаны тіркеген болатын.
BBC сайтының жазуынша, осы айдың соңына дейін 4 миллион адамға вакцина егіледі деп жоспарланып отыр.

Ұлттық денсаулық сақтау қызметінің бас директоры Саймон Стивенс Ұлыбританияда егілген алғашқы вакциналар "коронавируспен күресте шешуші рөл атқаруы мүмкін" деп мәлімдеді.

Ұлыбритания Pfizer-BioNTech компаниясынан 40 млн доза вакцина алуға келіскен. Бұл 20 млн адамға екі реттен салынады. Вакцинация елдегі 50 шақты ауруханада жүргізіледі. Қараша айында компания вакцинаның вирустан 95 пайыз қорғай алатынын көрсетті деп мәлімдеген.

Ұлыбритания - Еуропада вирустан қатты зардап шеккен елдердің бірі. Мұнда 61 мыңнан астам адам коронавирустан қайтыс болған. Әлем үкіметтері мен денсаулық сақтау агенттіктері Ұлыбританияның вакцинация бағдарламасын мұқият бақылап отыр.

Коронавирус жұқтырғандар саны жағынан әлемде бірінші орында тұрған АҚШ осы айдың соңына таман вакцинация бастауды жоспарлап отыр.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары