Осыған дейін жарияланған локдаун айтарлықтай нәтиже берген жоқ. Елде коронавирус жұқтыру саны қайта өсіп кетті. Қазір Израиль халыққа жаппай екпе салу науқанына дайындалып жатыр. Алдағы бірнеше күнде вакцинаның алғашқы партиясы елге жеткізілуі тиіс.
Індеттің екінші толқыны басталғанда Израиль әлем бойынша локдаунды қайта енгізген алғашқы ел болды. Бұл шара өз нәтижесін беріп, ауру жұқтыру саны күрт азайған еді. Кейін ел билігі біртіндеп шектеулердің күшін жоя бастады. Мектептер, балабақшалар, дүкендер мен мекемелер ашылды. Алайда бұл жолы да сақтық шараларын тым ерте жеңілдеткен сыңайлы.
"Өкінішке қарай, соңғы күндері індет жұқтыру күрт жиілеп кетті. Бұл жұрттың ереже сақтаудан жалыққанын көрсетіп отыр. Бірнеше вакцина сынағы сәтті аяқталғаны жөнінде ақпарат та халықтың босаңсуына әсер еткен секілді", - дейді Тель-Авив қаласы бірінші медициналық орталығының департамент директоры Юрий Ранков.
Ел тұрғындарының арқаны кеңге салуы бірден білінді. Тәртіп сақшылары заңсыз ұйымдастырылған той-думандарды таратумен әлек болды. Қомақты айыппұл салынатына қарамастан, жұрттың көбі 20 адамнан артық жиналмау жөніндегі тыйымды елеген жоқ.
Өкпені жасанды желдету аппараттарына қосылған науқастар саны артты. Үкімет шұғыл шара қабылдап, коменданттық сағат жариялады.
"Бұл мәселені шешу жолын таптық. Бізге вакцина әкеле жатыр. Індетті еңсереміз. Бірақ мұны ақылмен істеу керек. Жағдай ушыққанда шектеу шараларын қайта дереу енгізетінін айтқан едім. Тезірек іске кіріссек, мерзімі де қысқа болады", - деп мәлімдеді Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху.
«Модерна» деп аталатын америкалық вакцинаның алғашқы партиясы Израильге желтоқсанның 10-ында жеткізілуі тиіс. Кейін Pfizer компаниясының препараты да келеді. Жылдың аяғына дейін Израиль бірнеше миллион дана вакцинаға ие болады. Ал халыққа жаппай екпе салу науқаны қаңтар айында басталады. Бірінші болып медиктер мен жасы 60-тан асқан адамдар егіледі. Ең соңында балалар вакцинацияланады. Бәрі ойдағыдай өтсе, жазға дейін бүкіл ел тұрғындарына екпе жасалады.