11 желтоқсан күні АҚШ-тың дәрі-дәрмек сапасын бақылайтын мекемесі (Food and Drug administration) Pfizer және BioNTech компаниялары бірлесіп әзірлеген коронавирус вакцинасын мақұлдады, деп жазады Азаттық радиосы.
Осыған орай, видео үндеу жолдаған АҚШ президенті Дональд Трамп вакцинаны миллиондаған адамды құтқарып, пандемияны тоқтатын "медицина ғажайыбы" деп атады.
"Біз қауіпсіз әрі тиімді вакцинаға бар болғаны тоғыз ай ішінде қол жеткіздік. Бұл – тарихтағы ең керемет жетістіктердің бірі" деді Трамп FDA мекемесінің вакцинаны мақұлдағанын хабарлай отырып.
FDA мақұлдауынан бір күн бұрын тәуелсіз кеңесшілер тобы 16 және 85 жас аралығындағы адамдарға арналған екі-дозалы бұл вакцина пайдалануға жарайды деген қорытынды шығарған. Вакцинаны америкалық Pfizer фармацевтикалық компаниясы мен оның германиялық серігі BioNTech әзірледі.
Pfizer осы аптада 1,5 миллион адамға арналған 3 миллион дозаны шығаратынын хабарлады.
Вакцинаны бірінші болып денсаулық сақтау қызметкерлері мен қарттар үйінің тұрғындары қабылдайды.
Pfizer/BioNTech вакцинасы көктемге қарай жаппай қолжетімді болмақ. АҚШ үкіметі Pfizer-ге наурызға дейін 100 миллион дозаға тапсырыс берді.