Беларусь Бас прокуратурасы Светлана Тихановскаяға және оппозицияның Үйлестіру кеңесінің мүшелеріне қатысты «экстремистік құрылым және оны басқару фактісі бойынша» қылмыстық іс қозғады, деп жазады qazaqtimes.com.
Бұл туралы ведомство өзінің Telegram каналында хабарлады.
Хабарламада: «Бас прокуратура Қылмыстық кодекстің 36-бабының 3-бөлігі бойынша Үйлестіру кеңесінің мүшелеріне қатысты қылмыстық істі тергеу барысында алынған деректерді ескере отырып Светлана Тихановская, Колесникова, Латушко, Ковалькова, Дылевскийге және басқа адамдарға қатысты экстремистік құрылымды құру және оған басшылық ету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғау туралы шешім қабылдады», – делінген.
Сонымен қатар, Бас прокуратураның тапсырмасы бойынша тергеу комитеті Үйлестіру кеңесінің мүшелеріне қылмыстық кодекстің 357-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады («Мемлекеттік билікті конституциялық емес жолмен басып алу үшін жасалған қастандық»). Жоғарыда аталған белсенділерден бөлек, Бас прокуратура бірқатар басқа азаматтарға қылмыстық кодекстің 361-2-бабы бойынша экстремистік құрылымның қызметін қаржыландыруға байланысты іс қозғады.
Ведомство Беларусь азаматтары, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік азаматтар, оның ішінде лауазымды тұлғалар тарапынан экстремизм фактісіне құқықтық баға берілетінін атап өтті.
Үйлестіру кеңесінің құрылуына 14 тамызда Беларусь президенттігіне кандидат Светлана Тихановская бастамашы болды. 9 тамызда өткен президент сайлауында ОСК Александр Лукашенко 80,01% дауыспен жеңіске жеткенін жариялады. Беларусь оппозициясы сайлау қорытындысын мойындаудан бас тартып, елде ірі шерулер басталды. Біріккен оппозиция кеңесінің құрамында 70 адам бар.
Үйлестіру кеңесі жеті адамнан тұратын президиумды сайлады. Кеңестің міндеті – жүйені өзгерту.