$ 494.87  520.65  4.91

Конгрес өкілдері Трампты биліктен аластату мәселесін көтеріп жатыр

Қызметтегі президентті орнынан алудың екі жолы бар: АҚШ конституциясына енгізілген 25-түзетуді қолдану не Сенаттың айыптауымен импичмент жариялау.
фото: ren.tv
фото: ren.tv

Ашулы жақтастарының Капитолий ғимаратына басып кіруі Трампты президент қызметінен мерзімінен бұрын алып тастау бастамасына түрткі болды. Мұндай бастаманы бір топ конгресмен көтеріп отыр, деп жазады Азаттық радиосы

Аталмыш дерек көзінің жазуынша, Қызметтегі президентті орнынан алудың екі жолы бар: АҚШ конституциясына енгізілген 25-түзетуді қолдану не Сенаттың айыптауымен импичмент жариялау.

Трампты қызметінен жедел кетіруді талап еткен демократтардың көбі 25-түзетуді жөн көреді.

Өкілдер палатасының спикері демократ Нэнси Пелоси 25-түзетуді іске асыруды қолдайтынын, бірақ егер кабинет әрекет етпесе, Конгрестің импичмент процесін бастайтынын айтты.

"АҚШ президенті Америкаға қарсы қаруланған бүлікке арандатты" деді спикер.
Демократтардың сенаттағы лидері Чак Шумер де осыған ұқсас мәлімдеме жасады.
"АҚШ Капитолийінде кеше болған оқиға Америка Құрама Штаттарына қарсы бүлік және оған президент арандатты. Бұл президент офисте бұдан әрі бір күн де отырмауы тиіс" деді ол.

Ал Өкілдер палатасына Миннесота штатынан сайланған демократ Илхан Омар Капитолийдегі оқиға кезінде импичмент туралы бастама көтеретінін мәлімдеді.
Трампты президенттіктен кетіруге шақырғандар қатарында New York Times пен Washington Post секілді ірі басылымдар да бар.

"Президент Трамп пен оның Конгрестегі республикашыл жақтастары сәрсенбі күні өздері басқаратын елге, өздері жақсы көретін елге қарсы зомбылыққа толы шабуылға арандатты" деп жазды New York Times газетінің редакциялық алқасы.

"Зорлық-зомбылықты тез арада айыптап, жақтастарын шегінуге шақырудың орнына Трамп мырза екі жеңіл твит жариялады. Жоғары лауазымды республикашылдардың талабынан кейін ғана барып, оларды үйіне қайтуға шақырып, видео жариялады. Сөйте тұра жасақшыларын қуаттандырып кетті. "Біз сендерді жақсы көреміз. Сендер ерекшесіңдер" деді ол өзінің бүлікшіл жақтастарына" деп жазды Washington Post.

Егер 435 мүшесі бар Өкілдер палатасы көпшілік дауыспен Трампқа импичмент жарияласа, процесс Сенаттың қарауына өтеді де, президенттің кінәсі бар-жоғын анықтау жөнінде тергеу басталады. АҚШ конституциясына сай, президентті айыпты деп танып, қызметінен алу үшін мұны сенаторлардың үштен екісі қолдауы керек.

Өкілдер палатасы 2019 жылдың желтоқсанында қызметінен асыра пайдаланды және Конгреске кедергі келтірді деген айыппен импичмент жариялаған. Бұл іс Трамптың Украина басшылығын Байден мен оның ұлына қарсы тергеу бастауға итермелеуіне байланысты қозғалған. Іс Сенаттың қарауына өтіп, 2020 жылдың ақпанында Конгрестің жоғары палатасы Трампты ақтап шықты.

Ал сайлауда жеңілгенін мойындамай, жаппай қарсылық көрсетіп келген Трамптың өзі партияластарының талабынан кейін алғаш рет президенттіктің Байденге өтетінін, билік ауысуы "қалыпты тәртіппен" жүретінін айтты.


"Сайлаудың нәтижесімен келіспесем де және фактілер мұнымды растап отырса да, 20 қаңтар күні билік ауысуы қалыпты өтеді" деді ол.

Трамптың бұл мәлімдемесі 7 қаңтар күні Конгрестің ортақ жиыны сайлау нәтижесін растағаннан кейін жасалды.

АҚШ-тағы президент сайлауы 3 қараша күні өткен. Оның нәтиже бойынша, Джо Байден 302, Дональд 232 электордың дауысына ие болды. Президент атану үшін кандидатқа 270 электордың дауысы керек.

Сайлауға дейін-ақ мен тек "дауыс ұрланған жағдайда" жеңілем деген Трамп сайлау нәтижесін мойындамай көптеген штатта сотқа жүгініп, дауысты қайта санауды талап етті. Жоғарғы сотқа да жүгінді. Бірақ бәрінде жеңілді, штаттар ресми нәтижені растап шықты.

Соңғы даулардың бірі Джорджия штатының хатшысы Брэд Раффенспергермен телефон әңгімесіне байланысты туды. Штаттың сайлауды өткізуге жауапты ең жоғары лауазымды тұлғасымен болған әңгімеде Трамп оған қысым көрсетіп, сайлау нәтижесін жоққа шығаруға 11 780 дауыс тауып беруді талап еткен. Бұл штатта Трамп Байденнен 11 779 дауысқа қалып қойған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары