$ 494.87  520.65  4.91

Навальный ісі: АҚШ пен ЕО Ресейге қатаң ескерту жасады

Мәскеуден ешқандай шартсыз Навальныйды босатуды талап етеміз!
фото: bbc.com
фото: bbc.com

АҚШ пен Еуроодақ Ресейге ескерту жасап, Ресей билігінен оппозиционер Алексей Навальныйды босатуды талап етті, деп хабарлайды qazaqtimes.com сайты.

АҚШ Мемлекеттік департаменттің баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде: «Америка Құрама Штаттары Ресейдің Алексей Навальныйды ұстау туралы шешімін қатаң айыптайды.

Біз Ресей билігін сайлау процесіне қатысуға ниет білдірген барлық саяси партиялар мен кандидаттарға теңдей қарауға шақырамыз. Мәскеуден ешқандай шартсыз Навальныйды босатуды талап етеміз» делінген.

Ив Роше ісі бойынша жаза шарттарын бұзғаны үшін іздеу жарияланған Алексей Навальный жексенбіде Шереметьево әуежайында ұсталды. Ресми өкілдер Навальный қылмыстық-атқару инспекциясына тіркелуге міндетті екенін атап өтті. Amnesty International ұйымы мен Еурокеңес өкілдері де Ресей билігін қатаң айыптап отыр. «Алексей Навальный саяси белсенділікке деген құқығынан және сөз еркіндігі құқығынан айырылды. Amnesty International оны ар-ұждан тұтқыны деп қарастырады және оны ешқандай шартсыз дереу босатуды талап етеді» делінген ұйымның баспасөз хабарламасында.

20 тамыз Томск қаласынан Мәскеуге бет алған оппозиционер саясаткер Алексей Навальный бортта жағдайы нашарлап, ұшақ дереу Омбы қаласына қонуға тура келген. Кейін жедел жәрдеммен оппозиционерді Омбыдағы ауруханаға жеткізген. Кейін Германия Навальныйды Берлиндегі ауруханаға әкету үшін арнайы санавиация жіберген. Басында Омбы дәрігерлері Навальныйды орнынан қозғауға болмайды деп оны Германияға жіберуден бас тартқан. Кейін омбылық дәрілерлер Навальныйды ауруханадан әкетуге рұқсат беріп, Навальный 22 тамызда Берлинге жеткізілген.

Осы оқиғадан кейін кешкісін Навальныйды қолдау мақсатында Мәскеу, Петербург, Новосибирск, Төменгі Новгород қалаларында ондаған адам наразылық өткізген. БАҚ өкілдері таратқан ақпарат бойынша, олардың көбін полиция ұстап әкеткен.

2018 жылы 4 наурызда Ресей Федерациясы Барлау қызметінің бұрынғы қызметкері Сергей Скрипаль мен қызы Юлия Скрипаль «Новичок» жүйке-сал ауруын тудырушы заттегі арқылы уланған болатын. Аса қауіпті химиялық қарудың Ресейде жасалынғаны анықталып, АҚШ пен Ұлыбритания бұл істе тікелей Ресейді айыптады. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары