$ 449.58  486.94  4.86

Еуропада эпидемиологиялық ахуал қайтадан ушықты

Бұл пандемия басталғалы болмаған рекордтық көрсеткіш. Науқастардың көптігі сонша, жергілікті ауруханалар адамдарды қабылдап үлгере алмай жатыр.
фото: news.un.org
фото: news.un.org

Еуропада эпидемиологиялық ахуал қайтадан ушықты. Осыған байланысты кәрі құрлық елдері қатаң шара қабылдап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24»

Германияда карантин мерзімі наурыздың 28-іне дейін ұзарды. Науқастардың көбеюіне байланысты Италия билігі де осындай шешім қабылдады. 

Чехиядағы ахуал өте ауыр. Елде 8 мың адам вирус жұқтырған. Бұл пандемия басталғалы болмаған рекордтық көрсеткіш. Науқастардың көптігі сонша, жергілікті ауруханалар адамдарды қабылдап үлгере алмай жатыр. Тіпті Батыс өңірлерде орналасқан жансақтау бөлімдерінде бірде-бір бос орын қалмаған. Жағдайды жақсарту үшін қазір билік қолдан келгенше әрекет етіп жатыр. Тіпті көшеде карантин талаптарының сақталуын қадағалайтын полицейлер қатарын да көбейткен. Өйткені дәл қазіргі ахуалға тұрғындардың еркінсіп кетуі себеп болды дейді мамандар. 

«Бүгінге дейін ел азаматтары ережеге бағынғысы келмеді. Ковидтің өршуі де сондықтан. Енді талап күшейді. Ол жағдайдың жақсаруына көмектесетін шығар», - дейді жолсерік Павел Новотный.

Сербияда да осыған ұқсас жағдай. Елде халықты жаппай вакциналау жұмыстары жүріп жатқанына қарамастан, мұнда вирус жұқтыру деректері де, өлім-жітім көрсеткіші де көп. Түнеугүні ғана 4 мыңнан астам сербиялықтан қауіпті вирус табылған. Бұл соңғы бірнеше аптадағы көрсеткіштен екі есе көп екен. Осыған байланысты медицина мамандары Сербиядағы қатаң шектеу шараларын қайта енгізу керек деп отыр. 

«Індеттің таралуын тоқтату үшін елдегі сауда орталықтары, кафе мен мейрамханалар кемінде 2-3 аптаға жабылуы керек. Өйткені қайтадан қарқын алған инфекциядан денсаулық сақтау жүйесіне ауыртпалық түсті. Халықты иммундау ісіне де зиянын тигізіп жатыр»,  - дейді клиникалық орталықтың атқарушы директоры Радмило Янкович.

Италиядағы жағдай мәз емес. Сондықтан ел билігі қатаң шектеу шараларын қайта күшейтті. Жергілікті денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, соңғы бір тәуліктің ішінде 20 мыңнан астам жаңа науқас тіркелген. 347 адам дертінен айыға алмай жан тапсырды. Мамандар жаңадан тіркелген науқастардың 54 проценті коронавирустың жаңа штамдарын жұқтырып жатқанын айтады. 

Осыған байланысты жергілікті билік коменданттық сағат енгізіп, ауданаралық қарым-қатынасқа тыйым салды. Қоғамдық мекемелер мен көрмелер уақытша жұмысын тоқтатты, түрлі жиналыстар ұйымдастыруға да шектеу қойылды. Жаңа санитарлық талаптар сәуірдің 6-сына дейін күшін жоймайды. 

Ал Германияда локдаун режимі 28 наурызға дейін ұзартылды. Билік өкілдері шектеу шараларының бір бөлігін жеңілдету туралы шешім қабылдады. Атап айтқанда, келесі аптадан бастап 100 мың тұрғынға шаққандағы сырқаттану көрсеткіші 50 кісіден аспайтын өңірлерде кітап пен гүл сататын дүкендер жұмысы жанданады. Бұдан бөлек, бау-бақша заттарына арналған базарлар мен музейлер ашылады. Тұрғындардың ашық аспан астында спортпен айналысуына да рұқсат беріледі. Бірақ қай өңірде 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш 100-ге жетсе, ол қайтадан карантинге жабылады.

«Бірнеше сағат талқылай келе тоқталғанымыз – саясаткерлердің қазіргі міндеті алдағы уақытта ақылға қонымды қадамдар жасау. Әйтпесе Еуропада біз сабақ алатын мысалдар жетерлік. Кейбір елдер қателік жасап, індеттің таралуының үшінші толқынына ұрынды», - дейді Германия канцлері Ангела Меркель.

Меркель айтқан әлгі үшінші толқын қазір Швецияда өтіп жатыр. Швед билігі осылай деп отыр. Өйткені соңғы апталарда ел аумағында тіркелген науқастар қатары екі есеге ұлғайған. Вирустың шырмауына түсіп жатқандар Францияда да жетерлік. Сондықтар болар, Париж тұрғындары осымен үшінші ай қатарынан коменданттық сағат режимінде өмір сүріп келеді. Бұған қоса, енді демалыс күндері карантиндік шектеулер енгізілуі мүмкін. Ол Парижден бөлек, елдің 20 өңірін қамтиды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары