Еуропаның бірқатар елдерінде коронавирустың үшінші толқыны басталды. Ресми түрде пандемияның үшінші толқыны басталғанын Аустрияның денсаулық сақтау министрі Рудольф Аншобер мәлімдесе, Франция, Германия және Италия келер аптада жариялауы мүмкін екені айтылуда, деп жазады Abai.kz.
The Guardianның жазуы бойынша коронавирустың тәуліктік жұғуы ақпан айынан бастап артып, қазір рекордтық деңгейге жеткен. Көптеген Еуропа елдері карантиндік шектеулерді арттыру үстінде.
Дүйсенбіден бастап Италия карантинді күшейтті. Елдегі ауруханалардың 90% бос емес, он аймақта мектептер мен дүкендер жабылды. Мейрамханалар тек қана жеткізу қызметі арқылы жұмыс істеуде.
Франциядағы жағдай да мәз емес. Орта есеппен Парижде әр 12 минут сайын тыныс алу аппаратына мұқтаж бір жан тіркелуде. Тәуліктік жұқтыру бойынша Польша, Венгрия және Чехия алға шықты.
Пасха мерекесіне байланысты Еуропа елдерінде вирус жұқтыру саны артады деп күтілуде.