Шыңжандағы адам құқы проблемалары үшін АҚШ, ЕО, Ұлыбритания, Канада билігі Қытай шенеуніктеріне қарсы санкцияларды бастады, деп жазады Қамшы порталы.
АҚШ, ЕО, Ұлыбритания және Канада дүйсенбіде Шыңжаңдағы адам құқығының ауыр дәрежеде бұзылғанын мәлімдеді.
"Халықаралық айыптаулар күшейсе де Қытай Шыңжаңда геноцид пен адамзатқа қарсы қылмыстарды жалғастыруда" деді осы аптада Брюссельде Еуропалық Одақ (ЕО) және НАТО-ның ресми тұлғаларымен кездесетін АҚШ Мемлекеттік хатшысы Антоний Блинкен.
"Бұл іс-шаралар адам құқықтарын құрметтеуді алға жылжыту үшін бізді көпжақты жұмыс істеуге жетелейді және Қытай үкіметі мен Қытай коммунистік партиясындағы осы қатыгездікке жауапты адамдарға қысым жасау бойынша біздің тұрақты ұстанымымызды көрсетеді" деді ол.
ЕО алдымен өз санкцияларын жариялап, Шыңжаңдағы төрт шенеунік пен бір ұйымның атын атады. Бұл одақтың 1989 жылы Тяньаньмэнь алаңындағы қанды репрессиядан кейін қытайлық шенеуніктерге бағытталған алғашқы санкциясы.
Ақпаратқа сәйкес, Еуропалық Одақ, Ұлыбритания, Канада және АҚШ санкциялары Қытайдың миллиондаған ұйғыр, қазақ және басқа да этникалық азшылықтарды қайта тәрбиелеу лагерлеріне қамағаны үшін салынып отыр. "Бұл Шыңжаң аймағында адам құқығының бұзылуына жауап" деп хабарлады Батыс БАҚ-тары.
Алайда, Бейжің бұл лагерьлер кәсіптік оқыту орталығы және терроризммен күресу күштерінің бөлігі екенін айтады.
–Шыңжаңдағы адам құқықтарының жаппай бұзылуының дәлелдерін, соның ішінде жаппай қамау мен бақылау, азаптау және мәжбүрлі аборт туралы хабарларды ескермеуге болмайды,– деді
Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Доминик Рааб. Ол Қытайдың Шыңжаңдағы аз ұлттарға деген қарым-қатынасы туралы "екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі этникалық және діни топты жаппай ұстау" деп мәлімдеді.
Ал, АҚШ өкілі "Біз бүкіл әлемдегі одақтастарымызбен бірге ҚХР-дың қылмыстарын тез арада тоқтатуға және көптеген құрбандар үшін әділеттілікке шақырамыз" деді.