Украина полициясы Киевте сенбі күні болған президент кеңсесі маңындағы наразылық шарасынан соң қылмыстық іс қозғады, деп жазады Азаттық.
Жақында ғана қамаудан шыққан одессалық белсенді Сергей Стерненко қайта сотталған соң оның жүздеген жақтасы президент кеңсесіне келді. Олар Стерненконы босатуды талап етті. Жиналғандардың бір бөлігі ғимараттың фасадына билік пен полицияны қорлайтын жазулар мен граффити салған. Ғимараттың терезесін шағып, өртемек болды. Полиция наразыларды сырттай бақылап тұрды. Тек бір адам ұсталды.
Азаттықтың Украин қызметі оқиға орнынан фотогалерея жариялады.
ІІМ мен Украина президентінің кеңсесі наразылыққа шыққандардың әрекетін сынады. ІІМ орынбасары Антон Геращенко "акция қатысушылары полицияны арандатып, қан төгуді ойлады, бірақ полицейлер оған араласпады" деді. Оның сөзінше, ондаған адам жауапқа тартылады. Президент кеңсесі басшысының кеңесшісі Максим Подоляк "президент Владимир Зеленский наразылыққа кедергі жасауға негіз көрмеді, ал вандализм кесірінен қираған ғимарат бөліктері қалыпқа келтіріледі" деді.
"Украинская правда" басылымының хабарлауынша, полиция наразылықты "бұзақылық" деген. Алдын ала есеп бойынша, ғимаратқа 2 млн гривен (30 млн теңгеден асады) шығын келген.
СТЕРНЕНКО ДЕГЕН КІМ?
Ақпанда Одесса соты "Правый сектор" ұйымының жергілікті бөлімшесінің бұрынғы лидері Сергей Стерненконы "адам ұрлады және азаптады" деген айыппен 7 жыл 3 айға түрмеге қамаған.
Стерненко 2015 жылы бірнеше адаммен бірігіп, жергілікті кеңестің депутаты Сергей Щербичті ұстап әкетіп, оны босату үшін 300 мың гривен (4,5 млн теңгеден асады) талап еткен деп айыпталған. "Правый сектордың" лидерінің бірі өзіне тағылған айыпты мойындамайды, ол бұл істің "саяси астары бар" деп санайды.
Стерненко Одесса қаласындағы Евромайдан лидерлерінің бірі болған. 2014 жылы Киевтегі Майданға қатысып, кейін Одессадағы "Правый сектордың" бөлімшесін басқарды.
2018 жылы оған үш рет қастандық жасалған. Бірінде шабуылдаған адам пышақталып қайтыс болған. Стерненко қорғанғанын айтқан. Бұл істі полиция адамды қасақана өлтіру фактісі бойынша тергеп жатыр. Ол қолхатпен қамаудан босатылған.
Ақпанда Стерненконың жақтастары президент кеңсесіне кірмек болған. Полиция оларға кедергі келтіріп, бірнеше адам зардап шеккен.