$ 494.87  520.65  4.91

Facebook Президенттің коронавирус туралы жазбасын өшірді

Коронавирус індеті басталғалы бері Facebook "әлеуметтік желінің ережесін бұзғаны үшін" коронавирус және вакцина туралы 12 млн жазба өшірген.
Фото: kaktus.media
Фото: kaktus.media

Facebook компаниясы Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың 15 сәуір күні жариялаған жазбасын өшірді. Онда коронавирус инфекциясын Ыстықкөл тамырымен (уқорғасын) емдеу туралы жазылған.

Бұл ақпаратты Facebook-тың баспасөз қызметі растады.

"Біз жазбаны өшірдік. Себебі, біз ешкімге, оның ішінде ресми басшыларға да дұрыс емес ақпаратты таратуға рұқсат бермейміз. Ондай ақпарат адамның денсаулығына, коронавирустан емделу мен оның алдын алуға қауіп төндіруі мүмкін" делінген баспасөз қызметінің Азаттықтың Қырғыз қызметіне жіберген жауабында.

Коронавирус індеті басталғалы бері Facebook "әлеуметтік желінің ережесін бұзғаны үшін" коронавирус және вакцина туралы 12 млн жазба өшірген. Президенттің баспасөз қызметі әзірге оқиғаға түсініктеме бермеді. Садыр Жапаровтың уқорғасын туралы жазбасын Instagram да өшірген. Бұл компания да Facebook-қа тиесілі.

15 сәуірде Қырғызстан президенті Садыр Жапаров "коронавирусан 1-2 күн ішінде емдейтін дәрі табылғанын" хабарлаған. Бұл ақпаратқа ілесе бірнеше адамның арнайы жабдықтың көмегімен пластик бөтелкеге сұйықтық құйып жатқаны туралы видео да тараған. Бөтелке сыртында "Ыстықкөл тамыры" деген жазу бар.

Ертесінде денсаулық сақтау министрі Алымкадыр Бейшеналиев баспасөз жиынында мемлекет басшысының дәрігерлерді "қалай оқытып" жатқанын айтып берген. Министрдің айтуынша, улы өсімдіктің тұнбасын қалай жасау керектігін Жапаров қана біледі. Соның көмегімен 350-ден астам науқас емделіп шыққан-мыс.

Бірқатар сарапшылар мен дәрігерлер шенеунікке Ыстықкөл тамыры немесе уқорғасынның өте улы өсімдік екенін, тіпті оны дене сыртына қолдану қауіпті екенін ескерткен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы клиникалық сынақтан өтпеген препараттың тіркелуі мүмкін емес екенін және пайдалануға ұсынылмайтынын айтқан.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары