$ 494.87  520.65  4.91

Еуропарламент Қытаймен сауда келісімін тоқтатты

Бұл қарар Еуроодақ "Пекин Шыңжаңдағы мұсылмандарға қысым жасап жатыр" деп санкция салған соң артынша қабылданды.
Фото: eurasia.expert
Фото: eurasia.expert

Еуропарламент ЕО мен Пекин арасындағы инвестициялық келісімді тоқтату туралы резолюцияны қолдап, дауыс берді, деп жазады Азаттық. 

Еуроодаққа мүше елдер Қытаймен қарым-қатынасын Еуропарламенттің шешіміне қарай бейімдеуге тырысып жатыр.

Бұл қарар Еуроодақ "Пекин Шыңжаңдағы мұсылмандарға қысым жасап жатыр" деп санкция салған соң артынша қабылданды. Қытай да ЕО санкциясына жауап ретінде шектеулер енгізген еді.

ЕО мен Қытай арасындағы инвестициялық келісім күшіне енуі үшін құжатты Еуропарламент ратификациялауы керек еді. Ал еуродепутаттар Қытайдан парламентте инвестиция жөніндегі жан-жақты келісімді талқылау басталғанға дейін ЕО салған санкцияларын алып тастауды талап еткен. Бұл талапты депутаттар 20 мамырда қабылданған резолюцияда ашық көрсеткен.

Еуропарламентте Қытаймен инвестициялық келісімді тоқтату туралы шешім басым дауыспен қабылданды (599 депутат қолдап, 30-ы қарсы болды, 58 адам қалыс қалды). Кейбір депутат Қытай наурызда Еуропарламенттің бес мүшесі мен әртүрлі институттарға салған санкциясын алып тастаса да, инвестициялық келісімді мүлде қолдамайтынын білдірді.

Дауыс беру қорытындысы ЕО мен Қытай арасындағы жеті жыл талқыланған инвестициялық келісім жақын уақытта ратификацияланады деген үміттің күл-талқанын шығарды. Осы келісімді Германия канцлері Ангела Меркель қызу қолдаған еді.

Еуропарламент резолюциясы – ЕО мен Қытай қарым-қатынасының нашарлағанын көрсететін тағы бір белгі.

Қазір 27 мемлекеттен тұратын одақ Шыңжаңдағы адам құқықтарының бұзылуына қатысты Пекинге қысым жасаумен қатар, Қытаймен экономикалық қарым-қатынасты бұзып алмауға тырысып жатыр. Брюссель де Пекин мен Вашингтон арасындағы бәсекенің арасынан өз орнын тапқысы келеді.

"Еуроодақ пен Қытайдың қарым-қатынасын бақылап отырғандар Еуропарламенттің бұл келісімді мақұлдауы екіталай екенін білді.

Бұл жағдайдан Еуроодақ әлі күнге Қытайдың экономикалық өсімі мен Пекин-Вашингтон бақталастығына төтеп бере алатын саясат әзірлеген жоқ деген қорытындыға келуге болады" дейді бұрынғы серб дипломаты, Белградтағы қауіпсіздік саясаты орталығының зерттеушісі Вук Вуксанович.

Келісімді тоқтату туралы шешім Еуропаның ішкі саясатымен де тығыз байланысты. Өйткені Чехия, Германия, Венгрия сияқты елдерде сайлау жақындап келеді. Бұл елдерде билікке жаңа үкімет келіп, Пекинге қатысты қатаң саясат орнауы мүмкін дегенді білдіреді.

"Қытай мәселесі [Орталық және Шығыс Еуропаның] көп елінде негізгі саяси тақырыпқа айналды. Бұл Чехияда [қыркүйекте] немесе Венгрияда [2022 жылы] өтетін сайлауға әсер етуі мүмкін" дейді Будапештегі Корвинус университетінің доценті Тамас Матура.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары