$ 494.87  520.65  4.91

Беларусь журналисі өлім жазасына кесілуі мүмкін бе?

Журналист Роман Протасевичке «Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру» және «Қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған топтық іс-әрекеттер ұйымдастыру» баптары бойынша айып тағылған.
Фото: Тut.by
Фото: Тut.by

Минскіде Александр Лукашенкоға қарсы жаппай наразалық шерулерінен хабар таратқан Nexta Telegram-арнасының негізін қалаушылардың бірі, журналист Роман Протасевич ұсталды. Бұл туралы оппозициялық саясаткер Светлана Тихановскаяның кеңесшісі Франак Вечерко хабарлады. Журналистің үстінен бірнеше қылмыстық іс қозғалды, деп жазды «Айқын».

Ол RyanАir әуе компаниясының ұшағымен Афины–Вильнюс бағытында ұшып бара жатқан. Беларусьтің төбесінен өте бергенде  ұшаққа мина қойылғаны туралы хабар жеткен. Ұшақ Минскіге МиГ-29 тікұшағының бақылауымен жерге қонған. Жолаушылар лайнерден түсіріліп, әуежайға қайта тексерілуге жіберілген. Тексеріс кезінде полиция журналист Роман Протасевичті ұстады.

RyanАir ұшағына мина қойылғаны туралы ақпарат расталмады. Кейін Беларусь тергеу комитеті ҚК 340-бабы 1-бөлігі бойынша іс қозғалғанын хабарлады.

Nexta каналы халықты былтыр тамызда Беларусьтегі президенттік сайлаудан кейін басталып, алты айдан аса уақытқа созылған наразылық акцияларына шақырған болатын. Республика билігі бұл Telegram-каналды экстремистік деп таныған. Протасевичтің өзі терроризмге қатысы бар адамдар тізіміне еніп, оған іздеу жариялаған.

«Азаттық» радиосының мәліметінше, Роман Протасевич кейінгі кездері «Беларусь головного мозга» Telegram-арнасын жүргізіп келген. Ал оған дейін жүргізген Nexta арнасы халықты былтыр тамызда Беларусьтегі президенттік сайлаудан кейін басталып, алты айдан астам уақытқа созылған наразылық шерулеріне шақырған. Республика билігі бұл Telegram-арнасы экстремистік медиа деп таныған. Роман Протасевичтің өзі және Nexta арнасының тағы бір авторы Степан Путило терроризмге қатысы бар адамдар тізіміне еніп, оларға іздеу жариялаған. Ол бірнеше жыл бұрын қауіпсіздік мақсатында Беларусьтен кетіп қалған, бүгінге дейін Польшада тұрған.

Кейбір БАҚ Роман Протасевичті өлім жазасына кесуі мүмкін деп жазды. Бірақ қазір оған «Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру» (15 жылға дейін бас бостандығынан айыру) және «Қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған топтық іс-әрекеттер ұйымдастыру» (үш жылға дейін бас бостандығынан айыру) баптары бойынша айып тағылған. Сонымен бірге журналистің үстінен «кәсіпке қатысты негізде әлеуметтік араздықты қоздыруға бағытталған қасақана іс-әрекеттер» жасағаны үшін қылмыстық іс қозғалған (ең жоғарғы жаза – 12 жыл).

Айта кетейік, 2020 жылы Беларусьте ешкім өлім жазасына кесілмеген.

«Азаттық» радиосының мәліметінше, 1994 жылдан бері билікте отырған Александр Лукашенко 2020 жылы президент сайлауында жеңіске жетті деп хабарланған соң елде жаппай наразылық басталды. Содан бері билік 30 мыңнан астам адамды ұстап, жүздеген адамды ұрып-соқты, журналистерді қудалай бастады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары