Ауғанстан астанасына 150 шақырым жерге дейін жақындап қалған содырлар ел территориясының 85%-ін жаулап алғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ЭК.
"Талибан" содырлары Иранмен шекаралас жатқан Герат қаласын жаулап алғанын мәлімдеді. Оның алдында олар ел астанасы Кабулдан небары 150 шақырым жердегі Газни шаһарын басып алған. Содырлар бір аптаның ішінде 34 провинциясы бар Ауғанстанның 10 провинциясын өздеріне қаратты.
Еуроодақтың мәлімдеуінше, қазір тәліптердің бақылауына елдің 65% тарриториясы өтіп, Кабулдағы ресми биліктің өрісін тарылтып келеді. Ал тәліптердің өздері Ауғанстанның 85%-ін жаулап алдық деп есептейді. Қираған қалалардан қашып шыққан қара халық елдің солтүстігіне қарай босып барады.
Тәліптер Ауғанстанның солтүстігінде орналасқан Бағлан провинциясының орталығы Пули-Хумри қаласын, Бадахшанның орталығы Фейзажи қаласын, сондай-ақ Тахар, Құндыз, Сари-Пул, Нимруз, Жүзген, Саманган және Фарах секілді провинциялық ірі қалаларды толықтай иемденді.
Батыс басылымдарының біріне сұхбат беріп, атын атағысы келмеген дипломаттың айтуынша, содырлар Кабулды 30 күн бойы шабуылдап, 30 күн ойрандап, тағы 30 күнде түгелдей жаулап алады, бас-аяғы 90 күннің ішінде Ауғанстан астанасы толықтай тәліптердің қоластына өтеді.
Америка президенті Джо Байден 14-ші сәуірде "Құрама штаттар өз әскерін Ауғанстан жерінен 1-ші мамырдан бастап шығарады да, ол процесс 11-ші қыркүйекте аяқталады" деп мәлімдеген болатын. Жуырда Байден АҚШ әскері Ауғанстан жерінен 31-ші тамызға дейін толықтай шығарылатынын жария етті.
Қазір тәліптер елдің солтүстігіндегі ең ірі қала Мазари-Шарифті қоршауға алды. Сондай-ақ Герат пен Балх үшін қиян-кескі соғыс жүріп жатыр. Содырлар Қандағардағы түрмені басып алып, сотталғандардың барлығын бостандыққа шығарғанын мәлімдеген. Содан кейін-ақ, ресми мойындалмаса да, Қандағардың тәліптер қолына өткені хабарланды.
Кеше кешкісін АҚШ-тың Кабулдағы елшілік қызметкерлері "коммерциялық ұшақтармен болса да, тезірек Ауғанстанды тастап шығыңдар" деген электронды хабар алған. Артынша АҚШ Қорғаныс министрі Джон Кирби Ауғанстан жеріндегі дипломаттар мен Құрама штаттарда тұру құқығы бар ауғанстандықтарды көшіріп әкелу үшін 3000 жауынгерді Ауғанстанға аттандыратынын мәлімдеді.