Ресей тергеу комитеті оппозиционер Алексей Навальный мен оның жақтастарының үстінен "экстремистік қауымдастық құрды және оның жұмысына араласты" деп іс қозғады. Бұл туралы комитеттің ресми сайты хабарлады, деп жазады Азаттық.
Навальный, Леонид Волков және Иван Жданов "эктремистік қауымдастық құрып, оны басқарды" деген күдікке ілінсе, Любовь Соболь, Вячеслав Гимади, Руслан Шаведдинов және бірнеше адам "қауымдастық жұмысына араласты" деп айыпталған. Бұл айып бойынша ең үлкен жаза – 10 жылға бас бостандығынан айыру.
Тергеу комитеті 2014 жылы Навальный "экстремистік қауымдастық құрды", ал Волков пен Жданов көп ұзамай "қауымдастыққа қосылды" деп санайды.
Комитет Навальныйдың "Жемқорлықпен күрес қорын" "экстремистік қауымдастық" деп санайды. Ресей билігі Навальныйдың бұл қорын елде "экстремистік" деп танып, қызметіне тыйым салған.
Ведомство Навальный құрған қор "мемлекеттік органдардың абыройына нұқсан келтіріп, елдегі тұрақтылыққа қауіп төндірді; ел арасында наразы көңіл күй қалыптастырды" деп санайды. Комитеттің мәлімдемесінде тыйым салынған ақпаратты тарату жолы ретінде Навальныйдың Youtube каналы көрсетілген.
Навальный бұған дейін Youtube арнасында Ресей билігіндегі жемқорлық схемаларын ашатын бірнеше үлкен зерттеулерін жариялаған. Оның видеоларын миллиондаған адам көріп, Ресей қоғамында резонанс туғызған.
Тергеу комитеті айыптағандардың көбі қазір шетелде жүр. Ал Навальный Ресейде түрмеде отыр. Ол "алаяқтық" айыбы бойынша түрме жазасын өтеп жатыр. Навальныйдың түрме жазасы 2023 жылдың күзінде аяқталуы керек.
Ресейде Навальный мен оның жақтастарының үстінен тағы бірнеше қылмыстық іс қозғалған. Оппозиционердің жақтастары бұл істердің барлығының саяси астары бар деп санайды. Халықаралық ұйымдардың біразы Навальныйды "саяси тұтқын" деп таныған.