Литва сәуір айының басынан бастап Ресейден газ импортын толық тоқтатты. Литва Энергетика министрлігінің мәлімдемесін LRT таратты, деп жазады Азаттық.
Ведомствоның сөзінше, бұл шара - газға рубльмен төлеу туралы Ресейдің жаңа талабына жауап.
Ресей газын тұтынып келген және одан толығымен бас тартқан Еуропа одағындағы алғашқы ел осылайша Литва болды.
Мұнан кейін Литва газды Клайпедадағы терминал арқылы алады. Терминал 2014 жылы салынып, оған "Тәуелсіздік" деген ат қойылған. Қажет болса Литва газды Латвия мен Польшадан да ала алады.
Энергетика министрі Дайниус Крэйвис Ресей газынан бас тарту - Литваның энерго тәуелсіздігінің басталуы деді.
"Осы айдан бастап Литвада Ресей газы болмайды. Осыдан көп жыл бұрын менің елім агрессормен энергетикалық байланысты еш ауыртпалықсыз үзуге мүмкіндік беретін шешім қабылдаған еді. Бұл біздің қолымыздан келді, қалған Еуропаның да қолынан келеді", – деді Литва президенті Гитанас Науседа. Оның сөзін "Украинская правда" жариялады.
Ресейдің Украинаға басқыншылығына байланысты Литва Мәскеуге қысымды күшейте түсуді белсенді түрде талап етіп келеді. Оның ішінде Ресей мұнайы мен газына эмбарго жариялау да бар. Еуропа одағының көп елі экономикасы Ресей газына тәуелді екенін алға тартып, бұл шараға келіспей отыр.
Ресей президенті Владимир Путин 31 наурызда "дос емес" елдермен газ келісімінің жаңа тәртібін енгізетін жарлыққа қол қойған еді. Жарлық Ресеймен "дос емес" елдерді газға рубльмен төлеуге міндеттеуді көздейді. Доллар және еуромен төлемдері де жалғасады.
Жарлықтағы жаңа төлем 1 сәуірден бастап күшіне енеді, алайда төлемнің өзі Ресей Орталық банкі орын орындау тәртібін жасап болған соң, 10 сәуірден кейін жасалуы мүмкін.
Ресейге "дос емес елдер", мысалы Жапония мен Еуропа одағы Газпромбанктен арнаулы шот ашуға тиіс. Біреуі - бұрынғы төлем валютасымен, екіншісі – Ресей рублімен.
Ақша арнаулы шотқа түскен соң Ресей банкі оны Мәскеу биржасына шығарып сатып, рубль шотына салады. Ол жерден "Газпромға" аударылады. Бұл схема Ресей билігінің "сатып алушылар рубльмен есеп айырысып жатыр" деп мәлімдеуіне мүмкіндік береді.
Бұған дейін Еуропа Одағы Мәскеу талап еткендей рубльмен төлемейтінін мәлімдеген. Франция Қаржы министрі Брюно лё Мэр Париж бен Берлин Ресейдің жаңа схемасын қабылдамайтынын айтқан. Оған Кремль газ бермей қоюымыз мүмкін деп сес көрсеткен.