15.05.2022, 22:30

Нью-Йоркте атыс болып, 10 адам көз жұмды

Күдікті сенбі күні түскі уақытта адам көп жүретін супермаркетке кіріп, оқ жаудырған.

АҚШ-тағы Нью-Йорк штатының Буффало қаласындағы супермаркетте болған атыс салдарынан 10 адам қаза тапты.

Полицейлер мұны нәсілдік өшпенділіктен туындаған қылмыс деп санап отыр. Оқиға орнында ұсталған 18 жастағы жігіт қамауға алынды. Полиция оның аты-жөнін әлі жарияламады.  Күдікті сенбі күні түскі уақытта адам көп жүретін супермаркетке кіріп, оқ жаудырған. Полицияның мәліметінше, ол шабуылды желіде көрсету үшін камераны пайдаланған.

Ер адам қаланың негізінен қара нәсілділер тұратын аймағына жету үшін бірнеше сағат жол жүрген деп болжанып отыр.  Буффало полициясының комиссары Джозеф Грамалья қаза тапқандардардың көпшілігі афро-американдықтар екенін айтты. Одан басқа, супермаркеттің үш қызметкері оқ жарақатын алған. Дүкенде жұмыс істейтін зейнеткер полицей шабуылдаушыны тоқтатпақ болған кезде оқ тиген.

ktk.kz

Тегтер: АҚШ атыс