Италияда арестте тұрған "Шахерезада" супер яхтасын құрастыруға 583 миллион еуро жұмсалған. Мүлік құжатында яхтаның "Роснефть" компаниясының бұрынғы президенті Эдуард Худайнатовқа тиесілі екені жазылған.
Ресейлік олигархтар оны президент Владимир Путинге жаңажылдық сыйлық ретінде тарту еткен. Мұндай мәліметті "Досье" зерттеу орталығы таратты.
Супер яхта биыл мамыр айында Италиядағы Марина ди Каррара портында арестке алынды. Сол кезде жергілікті билік бұл мүлік санкция тізіміндегі ресейліктердің біріне тиесілі болуы мүмкін екенін айтқан. Италия билігіне хат жазған Худайнатов яхтаның өзінікі екенін және өзінде тағы екі супер яхта - 106 метрлік "Амадея" мен 135 метрлік "Кресент" барын айтқан.
Бірақ АҚШ билігі "Кресент" яхтасын санкция тізіміндегі миллиардер Сүлеймен Керимовке тиесілі деп есептейді. Ал Испанияда арестке алынған "Кресент" яхтасын жергілікті билік Игорь Сечиннің мүлкі деп отыр.
Еуроодақ елдерінің бірлескен зерттеуінде Худайнатов мұндай қымбат мүлікке иелік ететіндей бай емес екені айтылған. ЕО билігінің мәліметінше, Германияда яхта құрастыру құнын бес компания төлеген.
"Офшордағы бұл компаниялардың кем дегенде біреуі ресейлік кәсіпкерге тікелей қатысы болуы мүмкін" деп болжайды "Досье". Зерттеушілер яхтаны жасау құнын төлеген компанияға "Сумма" тобы қожайындарының бірі Зиявудин Магомедов иелік ететінін анықтаған. Жоба дереккөзінің айтуынша, Магомедов – Путинге "Шахерезаданы" сыйға тартқан олигархтардың бірі.
Басылым мәліметінше, жаңажылдық сыйлыққа ақшаны миллиардер Геннадий Тимченко жинаған. "Досье" сыйлыққа үлескен қосқан басқа да олигархтардың есімін атамады. "Шахерезада" Ресей президенті Владимир Путинге тиесілі екені туралы мәлімет бұған дейін басқа да зерттеулерде айтылған. Яхта экипажы Федералдық күзет қызметінің мамандарынан тұратыны айтылған.
Кремль "Досье" материалына қатысты әзірге пікір білдірмеді.
7 қыркүйекте Путин ресейліктердің шетелдегі активтерінің бұғатталуы "барлығына сабақ болды" деп мәлімдеген. Ол ресейлік кәсіпкерлер яхталарын Ресейде ұстаса, ақшаларын шетел активтеріне салмаса, "ештеңе жоғалтпас еді" деген. Путиннің сөзін "Известия" басылымы жариялады.
Биыл ақпан айында Гамбург портынан Калининградқа 82 метрлік "Грейсфул" супер яхтасы өтті. Оны да Путинмен байланыстырушылар бар. Яхта Калининград жаққа өткен күннен екі аптадан соң, 24 ақпанда Владимир Путин Украинаға соғыс ашты.
azattyq.org