$ 494.87  520.65  4.91

«Есірткі тасымалы арналарын бақылау үшін күрес»: Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы қақтығыстың себептері айтылды

Тарихшының пікірінше, билік тараптарынан болатын қақтығыс тек азаматтардың өмірі сапасының нашарлауына әкелетінін түсіну мемлекеттер арасындағы жанжалды шешуге көмектеседі.

Тарихшы, посткеңестік зерттеулер орталығының ғылыми қызметкері Станислав Притчин Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы қақтығыстың себептері туралы айтып берді, деп хабарлайды Lenta.ru сайты.

Оның айтуынша, бұл посткеңестік мемлекеттердің делимитацияны қысқа мерзімде жүргізе алмауынан туындаған күрделі мәселе. 

Притчин Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы қақтығыс бірнеше фактордың жиынтығына байланысты туындағанын атап өтті.

"1937 жылы шекараны екіге бөлген кезде, оның бір мезетте мемлекеттік шекараға айналатынын ешкім ойлаған да жоқ. Бұл бір мемлекеттің ішіндегі жәй ғана әкімшілік шекара болды. Тиісінше, оны бөлу кезінде ешкім көп ойланған жоқ, өйткені шаруашылық қызмет жалпы жоспарлы экономика негізінде жүзеге асырылды. Шекараларды кесіп өтуде немесе экономикалық қызметте ешқандай проблемалар болған жоқ. Барлығы бір орталықтан бақыланды", – деп түсіндірді маман.

“1991 жылы жағдай күрт өзгерді. Баяғы әкімшілік шекара барлық қажетті атрибуттары бар мемлекеттік шекара болды. Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасының өте күрделі таулы аймақ арқылы өтетінін және оның ұзындығы 980 шақырымды құрайтынын ескерсек, тіпті қалыпты жұмыс істеп тұрған мемлекеттік басқару органдары болған күннің өзінде оны басқарып отыру өте қиын екені анық”,  – дейді тарихшы Станислав Притчин.

Ол көптеген посткеңестік мемлекеттер тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде делимитацияны толықтай жүргізе алмағанын атап өтті. Көптеген аумақтық мәселелер осыдан туындайтынын да тілге тиек етті. 

Ең проблемалы аймақ – Ферғана жазығы деп атап көрсетті тарихшы. Аумағы үш мемлекет – Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан арасында бөлінген, бұл жағдай аталған аймақты басқару ісін қиындатады.

"Аудан өте құнарлы. Онда барлық өмірлік ресурстар – жер, жайылым, су бар. Оның үстіне онда әртүрлі демографиялық процестер жүріп жатады. Егер Қырғызстанда тұрғындар негізінен Тәжікстанмен шектесетін Баткен облысынан көшіп кетіп жатса, Тәжікстанның Соғды облысында, керісінше.  Ол жақта қырғыз халқына қарағанда әлдеқайда көп тәжік халқы тұрады. Тиісінше, жайылым, су, жерге сұраныс бар", – деді маман.

Облыста мемлекеттік емес мүддені көздейтін топтар да шоғырланған.

"Ауғанстаннан есірткі тасымалы осы жерлер арқылы өтеді. Тиісінше, бұл жерде есірткі тасымалы арналарын бақылау үшін күрес жүріп жатыр ", – деді Притчин.

Сонымен қатар, Ферғана алқабының әр жері әртүрлі мемлекеттерге тиесілі болғандықтан, өңірде контрабандаға сұраныс бар. "Тәжікстан Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейді, бірақ Қырғызстан – одаққа мүше. Белгілі бір тауар бағаларына қатысты теңсіздіктер бар, соған сәйкес контрабандаға да белгілі бір деңгейде сұраныс бар", – деп түсіндірді тарихшы.

“Осының бәрі бірігіп, жергілікті кландардың мүдделері мен мемлекеттердің қысқа мерзімде шекараны ажыратып, биліктің бүкіл ауылдарға биілігін жүргізе алмауы осындай қақтығыстарға әкеледі”, – дейді Станислав Притчин.

Тарихшының пікірінше, билік тараптарынан болатын қақтығыс тек азаматтардың өмірі сапасының нашарлауына әкелетінін түсіну мемлекеттер арасындағы жанжалды шешуге көмектеседі.

"Ақылмен шешім қабылдау көмектеседі, бірақ бұл жеткіліксіз. Қырғызстан мен Тәжікстан – менталитеті, мәдениеті, географиясы, өмір сүру деңгейі жағынан бір-біріне жақын екі таулы республика. Мұндай жағдайда, әрине, жанжалға түсу қарапайым логикаға қайшы келеді. Барлық мәселе осы текетіреске мүдделі кейбір ойыншылардың мүдделерінен асып, өз азаматтарын қорғайтын мемлекет сияқты әрекет ету болып табылады. Бұл, әрине, қырғыз және тәжік тараптары үшін нөмірі бірінші міндет", – деді Притчин.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#қырғыз #Тәжік