Петербургтің Смольнинское муниципалды әкімшілігінің үш депутаты Никита Юферев, Дмитрий Палюга және Дмитрий Балтруков Ресейден кетті, деп жазады Азаттық.
Юферев Твиттерде Белградқа 13 қазанда жеткенін, 16 қазанда әйелі мен балалары келгенін жазды.
Депутат Дмитрий Балтруков та Ресейден кеткен. Ол Ташкентке іссапармен барған, оған елінде шақыру қағазы келген соң Ресейге келмеуді жөн көрген.
"Менің үстімнен қылмыстық іс қозғауы мүмкін екенін айтты. Сол себепті әзірге іссапарды ұзартуды ұйғардым" деді ол "Бумага" сайтына.
Депутат Дмитрий Палюга да 20 қазаннан бері Тбилисиде екенін айтты.
"Шешім қабылдау қиын болды деп айта алмаймын. Белгілі бір уақыттан кейін Ресейде саяси қызметпен айналысу мүмкін емес екені айқын болып қалды, қауіп жоғары. Депутат болып қала беремін, регламент бойынша видео арқылы да отырысқа қатыса аламын" деді ол.
7 қыркүйекте Петербургте Смольнинское муниципалды әкімшілік депутаттары мемлекеттік думаны президент Владимир Путинді мемлекетке сатқындық жасады деп айыптауға және оны қызметтен кетіруді талап етуге үндеген. Петербург депутаттарының пікірінше, Путиннің Украинаға басып кіру туралы шешімі Ресей мен азаматтарының қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Екі күннен соң мәлімдемеге қол қойған депутаттар полицияға шақырылып, олардың үстінен Ресей армиясының беделіне нұқсан келтіру бабы бойынша хаттама толтырылған.
13 қыркүйекте сот прокуратура өтінішін қанағаттандырып, муниципалды депутаттарын "әрекетсіздігі үшін" кінәлі деп таныған. Бұл шешім губернатор Александр Бегловқа Петербургтің заң шығару органына кеңесті тарату бойынша жоба енгізуге мүмкіндік береді.