21.12.2022, 18:00

Илон Маск Twitter басшылығынан кететін болды

Маск жексенбіде Twitter-де жүргізген “Twitter-ден кетуім керек пе?” деген сауалнамасына қатысушылардың көпшілігі, яғни 57,5% -ы "иә" деп жауап берген.

Илон Маск Twitter-ден кетуге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС арнасына сілтеме жасап.

Маск жексенбіде Twitter-де сауалнама жүргізіп, пайдаланушылардан “Twitter-ден кетуім керек пе?” деп сұрады. Сауалнамаға 17,5 миллион қолданушы қатысты. Қатысушылардың көпшілігі, яғни 57,5% -ы Масктың кетуін қолдады. Алайда дауыс берушілер арасында көптеген боттар бар деген болжам бар.

Сауалнаманы жариялай отырып, Маск көпшілік шешкендей әрекет етуге уәде берді. Бірақ дауыс беру аяқталғаннан кейі отставкаға қашан кететіні туралы нақты ештеңе жазбады.

"Бұл істі өз мойнына алуға дайын ақымақ табылса, мен кетуге дайынмын. Осыдан кейін Мен тек бағдарламалық жасақтама мен сервер топтарын басқарамын", – деп жазды Маск.

Илон Маск Twitter-ді 44 миллиард долларға сатып алған еді. Ол аталмыш әлеуметтік желіні түбегейлі қайта құруға уәде беріп, толық сөз бостандығын қамтамасыз етуге тырысты.