$ 494.87  520.65  4.91

Зілзала құрбандарының саны 16 мыңнан асты: Ердоған биліктің қателігін мойындады

Ердоғанды ​​сынаушылар билік апат кезінде тым баяу әрекет етті және дайындық нашар болды деп санайды.
Фото: Reuters
Фото: Reuters

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған елдің оңтүстік-шығысында және көршілес Сирияда болған жойқын жер сілкінісіне алдын ала дайындалу мүмкін емес екенін айтты. Екі елде қаза тапқандар саны қазірдің өзінде 16 мыңнан асты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ердоғанды ​​сынаушылар билік апат кезінде тым баяу әрекет етті және дайындық нашар болды деп санайды.

Түркия президенті «кейбір проблеманы» мойындағанымен, жағдайдың бақылауда екенін мәлімдеді.

Елдегі ең ірі оппозициялық партия жетекшісі Кемал Кылычдароғлу оның бұл уәжімен келіспейтінін айтты.

«Егер бұған жауапты бір адам болса, ол – Ердоған», - деді Киличдароглу.

Ердоған қазіргі жағдайда өзара айыптасу емес, бірлік қажет деді.

«Осындай сәтте мен біреудің өз саяси мүддесі үшін теріс пиар жасауына шыдай алмаймын», - деді Р. Ердоған.

Бүгінде үйінді астында қалғандар үшінші түнді өткізді, зардап шеккен аудандарда ауа температурасы нөлден төмен екенін ескерсек, оларды тірідей алып шығу мүмкіндігі тіптен азайып барады.

Ол аздай, аман қалғандар баспанасынан айырылып, көшеде түнеп жүр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы олардың үсіп қалуы мүмкін екенін айтып, дабыл қағып жатыр.

Ал көрші Сирияда жағдай бұдан да қиын. Жер сілкінісіне дейін Түркиямен шекарада жалғыз Баб-эль-Хава өткізу пункті жұмыс істеп тұрған. Қазір оған апаратын жолдар жүруге болмайтындықтан, ол да жабық.

Біріккен Ұлттар Ұйымы жолдар жақын арада жөнделеді деп үміттенеді. Түркия билігі де жақын арада тағы екі бақылау-өткізу пунктін ашамыз деп отыр.

Сирияның солтүстігінде Асад режимі бақылай алмайтын, яғни оппозиция иелігіндегі бір ғана анклав қалды. Көп жылғы азамат соғысы қираған аймақ енді жер сілкінісінен соң қатты зақымданған.

Бір ғана Идлиб провинциясында 1500 адамның қаза тапқаны белгілі болды.

Асадқа жақын адамдар Батыстың режимге қарсы санкциялары жағдайды ушықтырып жатыр дейді.

«Бізде бульдозер, кран, мұнай жетіспей жатыр, осының бәрі еуропалық және америкалық санкциялардың кесірінен болды», - деді Башар Асадтың кеңесшісі Бутайна Шабаан.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары