Айгүл Жаңбыршиева небәрі 19 жасында келін болып түсті. Шаңырақтың табалдырығын аттағанда алдынан орта бойлы, етжеңді әйел шықты. «Қадамың құтты болсын қарағым!» деп басына ақ орамал салды. Кейін білді, енесі екен. Сонан бері Айгүл орамалын тастамайды. Енесі де үлкендігін көрсетіп, жаулығын шешкен емес. Аққұба келіншектің өңіне орамалы жараса қояды. Қолаң шашымен үйлесе кететінін қайтерсің. «Маған жараспайды», «Басымда тұрмайды», «Сусып түсе береді», «Таққым келмейді» деген келіншектер оған қызығады. Қызғанады. Ал ол орамалды насихаттаудан жалықпайды. Мерекелерде өмірлік аксессуарды сыйлап, құрбыларының көңілін көтеріп қоятыны бар. Орамалды күнделікті тағып жүретін сондай жандардың бірі – қала тұрғыны Аяулым Тастанбек. Екі баланың анасы. Қазір орамал тағудың хас шебері. Гардеробында түрлі-түсті ұлттық брендтің сан түрі бар.
– Орамалды жақсы көремін. Сәндеп тағуды қыз-келіншектерден үйрендім. Қазір түрлендіріп қолдану хоббиіме айналды. Бұрынғыдай емес, орамал тағу дамып келеді. Әлеуметтік желілерде сәнді тағуды үйрететін парақшалар мен видеолардың көбеюі қуантады. Ежелгі шығыс, араб стилімен ұштастырып, заманауи үлгіде тағылатын түрлері көп. Қалауыңа қарай үлгісін аласың. Біріншіден, жалаңбас жүргенше орамалмен жинақы көрінесіз. Екіншіден, орамал – әрбір келіншек пен әйелдің ары мен сәні. Керек десеңіз, тартып жүруге міндетті киімі. Қазір кимешекке ұқсатып тағуды ізденіп жүрмін, - дейді Аяулым.
ДӘСТҮРЛІ ҰЛТТЫҚ БРЕНД
Орамалды тақпайтын нәзік жанды жоқ. Күнделікті өмірде тартпаса да, қонаққа, асқа барғанда іздейтіні анық. Құран оқылған жерде әйел адам жалаңбас отырмайды. Несін айтасыз, базар нарығында орамалдың түр-түрі бар. Қалтаңның шамасына қарай сатып аласың. Десе де, ұлттық бренд кәсіпке айналды. Әнші Роза Әлқожаның орамалын қала былай тұрсын, ауыл-аймақтағы қыз-келіншектер қолдан-қолға тигізбейді. «Мен сыйға тартқан орамал» дүкендер желісі еліміздегі облыс орталықтарында жұмыс істейді. Сөйтіп, орамалды ауыл әйелдері ғана тағады деген ұғым санадан көмескілене бастады. Себебі, қалалық нәзік жандылар да өмірлік аксессуарға біртіндеп бет бұра бастады. Әншімен қатар, қызылордалық жас кәсіпкер Сая Нұрғалиева да орамал бизнесін дөңгелетіп отыр.
– Алғашқыда жұмыс бастау оңай болған жоқ. Келушілерді әлеуметтік желілер арқылы тарттым. Сөйтіп алушылардың қатарын жинадым. Алайда Қызылордада орамалға қызығушылық аздау. Жайлап дамып келеді. Көбіне сұраныс Маңғыстау, Ақтау, Орал жақтан түседі. Батыс өңірінде қазақы ұлттық нақыш жақсы сақталған. Той көйлектерінен гөрі, камзол, көйлекті орамалдармен үйлестіріп алады, - дейді Сая Нұрғалиева.
Сая жасаған отандық өнімнің қай-қайсысы да әдемі. Өзі тігеді. Өзі гүл өрнегін салып, түрлі ою-өрнекпен көмкереді. Сауда орталығындағы дүңгіршегінде орамалдың 100-ге жуық түрі бар. Бағалары да тұтынушылардың қалтасына қолжетімді. 3500 теңгеден бастап, 10-11 мың теңге шамасында да әдемі бас жаулық табасыз. Сапалы матадан жасалған ақ жаулық ақ самайлы әжелер мен жас келіндердің басында желбіреп жүр. Орамал жараспайтын әйел бола ма? Бәлсініп тақпайтыны анық.
Иә, орамал тағудың өзіндік ұстанымы бар. Ақ түсті орамал қуанышты, жақсылықты білдірсе, қара түс қасіретті байқатқан. Ең бастысы, орамал сыйлық, жол тарту ретінде маңызды рөл атқарады. «Орамал тонға жарамаса да, жолға жарайды», «Орамал тон болмайды, жол болады» - деген орамды сөз содан қалыптасқан.
ӨМІРШЕҢ АКСЕССУАР
Қазір орамал тағудың түрлі әдісі көп. Беті толықша келген қыздарға кез келген орамал жарасады. Көбіне қыздар реңіне, түсіне қарай таңдайды. Беті сопақ қыздар шаштарын түйіп немесе шашының көлемін үлкейтіп тақса болады. Сосын кекіл түсіріп, тақса да жарасады.
– Орамал тағу жоғалды дегенге келіспеймін. Мұндай бұйым шаш үлгісін қажет етпейді. Салонға баратын уақытты үнемдейсіз. Кез келген киімге үйлестіріп таққан орамал сіздің ажарыңызды ашады. Тіпті өзгеден өзгеше боласыз. Ал, орта жастан асып, немере сүйіп отырған апаларымыз бен самайын ақ шалған әжелеріміздің жалаңбас жүргенін көргенде ыңғайсызданамын. Әйелдер қауымы ортаның ықпалымен кеткендей. Шаш бұйралап, орамалсыз жүреді. Қазір шашты жайып жүру де сән, - дейді қала тұрғыны, стилист Ақбаян Болатқызы.
«Әйел орамал тақпаса арын ұмытады, күйеуінің барын ұмытады, шашы тамаққа түседі, үйіне келген қонақтың назары түседі», - деген сөз бар. Шындығында әйел адамның жалаңбас жүруі көзге қораш көрінеді. Медицина саласы да орамалдың әйел адамға пайдалы екенін айтады. Мамандардың мәлімдеуінше, нәзік жандылар жерден қуат алады. Содан болса керек, әйелдің шашы магнит тәрізді. Ауадағы шаң-тозаңды жинайды.
Ал ашық-шашық киім ағзада гормон жүйесінің бұзылуына әкеліп, жыныс мүшелеріндегі қатерлі ісік және өзге де ауруларға жол ашады.
Түйін. Орамал тағу тек қазақ әйеліне тән үрдіс емес. Түркі тілдес халықтар да орамалды қастерлеп, пайдалана білген. Демек, жаулықтан үркуге, тосырқауға негіз жоқ. Ол – өміршең. Ол – қайталанбас дүние. Қай кезде де құндылығын жоғалтпайды. Қысқасы, ақ жаулық жамылған аналарымыз бен орамал таққан келіндеріміз азаймасын.
Құттыбике НҰРҒАБЫЛ
Дереккөз: "Адырна" ұлттық порталы