Белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы осылай дейді. Оның айтуынша, мұсылмандар мен христиандарды бір молаға жерлеу ертең түрлі түсініспеушіліктерді туғызбақ. Бұл туралы ол өзінің Фэйсбуктегі парақшасында жазды.
«Ұлттық пантеон құрылысына қыруар қаржы бөлініп жатыр. Ол жағына мен араласпай-ақ қояиын. Бірақ мәселенің дін маманы ретінде мен араласпасам болмайтын тарабы бар. Пантеонда мұсылмандар мен өзге дін өкілдері бөлінбеген. Қатар жерленуде. Бұл шариғатқа да, қазақ дәстүріне де қайшы. Ғұламалар басқа дін өкілдерінің зиратына жерленген мұсылманды қайта жерлеу керектігін айтқан. Мұның алды алынбаса болашақта діни дүрдараздыққа, тіпті ұлтараздыққа себеп болуы мүмкін. Ертең басқа дін өкілдерінің əруағына құрмет ретінде зират басында арағын ішіп, шариғатқа қайшы түрлі əрекеттерін жасап жатқанын көрген мұсылман баласы қандай күйде болуы мүмкін?!», - дейді дін маманы.
Айта кетейік, Астанада салынып жатқан Ұлттық пантеонның құрылысына күні кеше бюджеттен 1,7 миллиард теңге бөлінді. Зиратқа танымал адамдар жерленеді.