$ 444.22  476.38  4.82

Қытайда оқыған қазақ жігіті Арыстанбек Мұхамедиұлының өтірігін әшкереледі

Танымал әнші Димаш Құдайбергеннің «I am a singer» ән байқауында (Қытай) сәтті өнер көрсетуі Мәдениет және спорт министрлігінің арқасында деп мақтанған министр Арыстанбек Мұхамедиұлының тағы бір өтірігін осы байқаудың басы-қасында жүрген қазақ жігіті әшкере қылды. Бұған дейін Tengrinews.kz порталына сұхбат беріп, Димашты осынау өнер шыңына қалай келгенін айтып берген Ертай Нүсіпханов Арыстанбек Мұхамедиұлын біреудің еңбегін пайдаланды деп айыптап отыр. Бұл туралы ол өзінің Фэйсбуктегі парақшасында мәлімдеді. Осы жазбаның толық нұсқасын назарларыңызға ұсынамыз.

АРЫСТАНБЕК МҰХАМЕДИҰЛЫ ҚАЙ ҚОЛДАУДЫ АЙТЫП ЖҮР?

«Димаш Құдайберген I Am a Singer жобасына қалай келді?» деген сауал төңірегінде өрбіген сұхбатым жарияланған күні, Димашты осы конкурсқа қандай қиындықтармен бетпе-бет келіп жүріп қатыстырғанымды өз көзімен көріп жүрген Димаштың бір көмекшісі маған телефон соғып:

– Сіз сұхбат беріп пе едіңіз? – деді.

– Иә, – дедім.

– Жаңа министрдің өзі хабарласып, менен «Ертай деген кім?» деп сұрады, – деді де, сөзін түсініксіз аяқтады...

Ал бір күн бұрын Димаштың әкесі Қанат Айтбаевтың ұлының осы жобаға қатысуына қолдау көрсеткені үшін Мәдениет және спорт министрлігіне айтқан алғысы жария болған еді... Осыдан кейін-ақ мұнда бір шикіліктің пайда болғанын білгенмін...

Енді міне, күні кеше ғана министр Арыстанбек Мұхамедиұлы: «..при поддержке министерства в 2015 году Димаш принял участие в международном конкурсе «Славянский базар», где стал обладателем гран-при, также блистательно выступает в данное время в китайском конкурсе профессиональных исполнителей «I am a singer»... ... вот это является свидетельством того, что мы выполняем на качественном уровне поручения Главы государства», – деді.

Жалпы, қазақтың бір ұлы бүтін бір ұлттың рухын ту етіп желбіретіп шығып еді, оны «мен таныттым» деушілер көбейді. Мейлі ғой, көбейсін! Себебі, талантты ұл Қазақтікі болған соң, оған қай қазақ қалай мақтанса да жарасады, қалай таласса да кешірімді... Димаштың айналасына топтасып үлкен оқиғаның артында өздерін көп іс тындырып жүргендей көрсеткісі келген әрбір жанға мен сондай түсіністікпен қарап келемін...

Екі жыл еңбектендім екен деп, істеген ісімді міндет қылмаймын. Еңбегім бағаланса екен деп те дәмеленбеймін әрі оған ұмтылмаймын да. Себебі, еңбекақы талап етіп, бағалау сұрайтындай бұл әлдекімнің тапсырысы емес! Мен бұл істі ешкімнің бұйрығымен, ешбір адамның тілегімен орындаған жоқпын. Әрі-беріден соң бұл кез келгеніміздің мойнымыздағы – азаматтық парыз. Ұлт, өнер алдындағы әрбір азаматқа жүктелген борыш деп түсінемін. Сол себепті, сұхбат аламыз деген барлық журналистерден бас тарттым. «Димашты танытқан менмін» дегендей, әр жерден бір жылт етіп көрінуді жөн санамаймын. Димашқа талантты берген – Құдай! Ал мен бір себепкер ғанамын... Мұны, сондай-ақ, Қытайда білім алған соң, сол елге теңдессіз мәдениетімізді танытсам екен деген ойдан туған арман деп те айта аламын. Демек, мен бар болғаны өз арманыма адал еңбегіммен қол жеткізген, сол арқылы халықпен бірге өлшеусіз қуанышқа бөленген осы елдің бақытты бір азаматымын.

Жаһандану дәуірінде әдеп-ғұрып, салт-санамызды, мәдениетімізді сақтап қалудың бірден-бір жолы – оны басқаларға паш ету. Қазақтың төл мәдениеті, ұлттық құндылықтары бізге – қазаққа ғана қажет! Аумалы-төкпелі заманда қол қусырып отырмай немесе билікке жалтақтай бермей, шын ұмтылсақ талай биіктерді жалғыз жүріп-ақ бағындыруға болатынын сөзбен емес, іспен дәлелдегім де келді... Ал енді министрдің мәдімдемесін қалай түсінуге болады? Осы жобаға қазақ әншісін қатыстыру туралы идеядан бастап, Димашты конкурс «есігіне кіргізіп жібергенге» дейінгі екі жыл уақыт аралығында істің басы-қасында жүрген мен неге министрліктің қолдауы былай тұрсын, осы іске атсалысқан бірде-бір министрлік қызметкерін көре алмадым?! Министр мырза қолдауын кімге, қалай көрсетті? Оны қалай, немен дәлелдейді? Немесе Арыстанбек Мұхамедиұлы «Елбасы тапсырмасын жоғары деңгейде орындадық» деп кімдерді меңзеп тұр?! Бұл біреудің еңбегін пайдалану емес пе? Егер қазір бүкіл келіссөз барысының қалай жүргенін хат-хабарымен бірге жария етіп жіберсем, ол жерде аты-жөні бірде-бір рет аталмаған министрге ұят болмай ма? Немесе, «мен едім» деп жүрген басқа да азаматтар кіммен және қалай келіссөз жүргізгенін, оның қанша кезеңнен тұрғанын көрсетіп бере ала ма екен? Иә, Арыстанбек мырза «Дайдидауды» ұлт аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен орындауға жәрдем жасап жатыр екен. Оны ешкім жоққа шығармайды. Бірақ, орта жолдан қосылып, өзін алға шығаруына бұл аздық етпей ме?

Жалпы, бұл жағдай төңірегінде айтылып жатқан көп нәрсені көрсем де көрмегендей, естісем де естімегендей күй танытып жүрмін... Себебі, бұл бізге (қазаққа) абырой әкелмейді. Жаза берсе маған том-том кітап жазуға да болар, бәлкім... Бірақ халыққа қажетсіз, тек қазақтардың арасына бүлік тудыратын дүниені айтқызуға, жазғызуға мені ешкім мәжбүрлемесе екен деймін!

Естеріңізге салайық, осыдан бірнеше күн бұрын 2016 жылды қорытындылап есеп берген Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Д.Құдайбергеннің Қытайдағы жетістігін президенттің жас таланттарға қолдау көрсету бойынша берген тапсырмасының сәтті орындалуы деп мақтанған болатын. Яғни, министрліктің қолдауы болмаса Димаштың өнер биігіне шығуы екіталай еді дегенді меңзегендей болған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары