$ 494.87  520.65  4.91

Қоғам белсенділері министр Сағадиевтің қызметінен қуылуын және жазалануын талап етуде

Әлеуметік желіде қоғам белсенділері ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің қызметінен қуылуын талап етуде. Еліміздің «бас педагогы» қазақ халқына, қазақ тіліне қарсы науқан жүргізіп жатыр деп айыпталуда. Тіпті, ҚР Ұлттық ғылым академиясының бірнеше академигі де Премьер-министрге ашық хат жазды.

Қоғамда наразылықтың тууына бірнеше себеп бар. Мәселен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен жоғары және одан кейінгі оқу орындарындағы мамандықтар тізімінен «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті», «Қазақ тарихы», «Лингвистика», «Шығыстану» секілді ең қажетті пәндер алынып тасталған. Бұл бір...

Екіншіден, былтыр жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп бағдарламасынан «Әліппе» мен «Ежелгі қазақ тарих» пәндері де алынып тасталынды.

Үшіншіден, Елбасының солтүстік облыстарын қазақтандыру керек деген тапсырмасы аясында іске қосылған «Серпін» бағдарламасы ҚР БҒМ бұйрығымен жұмысын тоқтатты.

Осы аталған жайттардан кейін қоғам белсенділері Ерлан Сағадиевтің жұмысынан кетуін және осы жасаған әрекеттері үшін заң алдында жауап беруін талап етуде.

«Мектептерге үштілді білім беру жүйесін енгізу - балалардың конституциялық құқығын бұзу болып табылады. Қазақстан балалары орта білімді өз ана тілінде алуларына құқылы. Сонымен қатар, министр былтыр ЖОО-ларда ежелгі қазақ тарихы кафедраларын жапқызып, пәнін алып тастады. Бастауыш сыныптардан «Әліппені» алып қойды. Қазір студенттер үшін құрылған оңтүстіктен солтүстікке көшу бағдарламасын да жауып тынды. Ол аздай, «Қазақ тілі» мен «Қазақ әдебиеті» пәндерін алып тастады. Мен министрдің бұл әрекеттерінің бәрін қасақана жасалған қастандық деп білемін және оның сотталуын талап етемін», - дейді қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан.

Блогер Айгүл Орынбек болса барша қазақстандықтарды Ақорданың WhatsApp-мессенджеріне хат жазып, Сағадиевті қызметінен босатуды талап ету керектігін айтып отыр. Саясаттанушы Айдос Сарым да министрдің іскерлік әрекеттеріне күмәнмен қарайтынын жазды.

«Жалпы Қазақстанда филолологияны филология ететін филология емес! "Именно" қазақ филологиясы, қазақ филологтары. Ұлттың, елдің аты мен атауы, тілі мен ділі, оның мазмұны мен сапасы, кешегісі мен болашағы. Қазақ бола отырып, егемен дəулет құрып, қазақтықтан неге үркуіміз керек? Онымыз кімнің тақиясына тар келіп тұр? Олай болатын болса осы бір түсініксіз, қадыр-қасиетсіз министрдің қазақ атаулыға осыншама жауыққанын түсінбеймін. Əкесін академик қылдық, бар ғимаратын жекешелендіріп, университет ашуына жол бердік. Не жаздық екен? Бүкіл билік ішіндегі, шенеунік атаулының арасындағы қазаққа ең сүйкімсіз министр екені мен үшін анық. Істеген ісінің барлығы шикі, бəрі даулы. Бір инабаты, иманы жоқ адам сияқты көрінеді», - дейді Айдос Сарым.

«Мына министр сымақ Сағадиевтің "істерін" білген сайын төбе шашым тік тұратын болды. Осы біреу қазаққа қарсы жұмыс жасаған Майлыбаевтың сыңары болып жүрмесін. Масқара ғой!», - деп жазды саясаттанушы Расул Жұмалы өзінің Facebook-парақшасында.

Жалпы, бір тәулік ішінде министрдің отставкасын талап етушілердің саны еселеп артты. Желі қолданушыларының көбі министр Ерлан Сағадиевтің қазақ халқына әдейі қастандық жасап отырғанын, қазақ ұлты үшін оның қауіпті екенін жарыса жазуда.

Осы ретте айта кету керек, былтыр көтерілген жер мәселесі елді ұйыстырып, қауіпке қарсы тұруға бейімдеді. Оның нәтижесін бүкіл жұрт көріп отыр.

Ал, министр Сағадиевтің мәселесі Парламент пен Үкіметтің күн тәртібінде қарала ма, жоқ па оны уақыт көрсетеді. Әзірге жұдырықтай жұмылған халық оны министрлер үйінен қуып шықпай тынбайтындай әсер қалдырып отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары