$ 510.08  539.61  5.15

Түймебаев әкім емес, мәдениет министрі болуы керек – блогер

Шымкенттік танымал блогер Айгүл Орынбек ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаевты Мәдениет министрі болуға лайықты бірден-бір тұлға деп есептейді. Айта кетейік, кеше Оңтүстік Қазақстан облысының басшылығы киелі Түркістанда Наурыз мерекесін барша түркі әлеміне ортақ етіп, халықаралық деңгейде өткізген болатын.

Мемлекет басшысына Facebook-парақшасы арқылы ұсынысын айтқан блогер идеологияға жаны жақын адамды бір ғана өңірге әкім еткенше, бүкіл елдің мәдениетімен, руханиятымен айналысатын министр етіп тағайындау керек деп есептейді.

«Бүгінгі Түркістанда өткен Наурыз тойы кино секілді болды десем артық айта қоймаспын. Тамашалап отырып рухтанасың. Өте жоғары деңгейде өтті. Мәдениет саласындағы қызметкерлердің аянбағаны көзге анық көрініп тұр. Тіпті, мерекелік шараны жүргізушілердің өзі бір ауыз артық сөйлеген жоқ,сөз саптаулары керемет. Қысқасы, Наурыз тойы өте жоғары деңгейде өтті. Алаңда осының бәрін көріп отырып, өзімізді өткен ғасырларға өтіп кеткендей әсер алдық. Облыс әкімі Түймебаевтың нағыз идеологияның, руханияттың адамы екенін көрдік, білдік. Ендеше, мұндай тұлғаны неге Мәдениет министрі етіп тағайындамасқа? Әркім өз ісімен айналысуы керек қой?! Түймебаев министр болса рухымызды көтеретін талай шараларды өткізер еді, сапалы фильмдер түсірер еді, елімізде мәдениет саласын қайта жандандырар еді», - дейді А.Орынбек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Айта кетейік, кеше ОҚО-да «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылына орай, Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамы тойланған болатын. Айтулы шараға 23 елден 300-ге жуық шетелдік қонақ келген. Жалпы, мерекені тойлауға барлығы 10 мыңдай адам қатысты.

Мерекелік іс-шараға келген меймандар, ең алдымен, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен оның айналасына жерленген қазақ хандары, абыз-әулиелері, билері мен батырларына арналған пантеонмен танысты. Мұнан соң, меймандар Түркістан тарихи музейін аралап, ондағы жәдігерлермен танысты. Ал қолөнер шеберлерінің ауылына бас сұққан халайық түрлі бұйымдарды өздігінше жасап көріп, бір сәт бағзы заманға тап болғандай әсер алды.

Іс-шараның салтанатты ашылуында сөз бастаған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев барша жұртшылықты Түркістанды Түркі әлемінің мәдени астанасы жылы атануымен құттықтап, осы абыройлы міндетті бірлесе өткізуге шақырды.

«Түркі әлемінің бүгінгі замандағы кемеңгер көшбасшысы атанған Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «ТҮРКСОЙ» түркі әлемінің ЮНЕСКО-сына айналуы тиіс» деген болатын. Осы ТҮРКСОЙ ұйымы түркі әлемінің мәдени астаналарын таңдау жобасын 2012 жылдан бері жүзеге асырып келеді. ТҮРКСОЙ ұйымы шынында да түркі дүниесінің ЮНЕСКО-сына айналды», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Сонымен қатар, әз Наурыз мерекесінде 1 тоннадан астам палау дайындалып, 1 500 л Наурыз көже үлестірілді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары