қазақ қоғамы тағы бір жеті күнді артқа тастады. Біткен аптаны бұрынғы апталардан алабөтен өзгеше болды дей қою қиын. Сол сүреңсіз күндер, сол бұйығы тіршілік... Ең елең еткізеді деген оқиғалардың өзінің ай толмай ұмытылып кететінін қазірден-ақ ішіміз сезеді...
Өткен аптада елдің жағасын ұстатар оқиға Астанада тіркелді. Биылғы оқу жылында ғана ашылған №76 мектепте орын алған оқиғаны естіген жанның бей-жай қалғаны жоқ. Алғашқы сабақтың кезінде-ақ сөзге келіп қалған сегізінші кластың екі оқушысының ерегісі ақыры келесі сабақта біреуінің өлімімен аяқталды. Мұғалімдер алғашқыда «Арлан Дәуіржанның көкірегінен қаламсаппен ұрды» деген ақпарат таратып еді. Алайда, балалы үйдің ұрлығы жатқан ба, кейінірек кішкентай қанішердің кластасын канцелериялық пышақпен ұрып өлтіргені айтыла бастады.
Жә, мұның бәрі тергеудің ісі, біздің айтпағымыз даму шапшаңдығына артындағы екі жүзге тарта мемлекет аузының суы құрып қарап отырған Қазақстанның осы жасөспірімдер қылмысын ауыздықтауға келгенде еш қайран қыла алмауы. Қайран қыла алмады деу де бер жағы, тіпті әрекет те етпейтіндігі. №76 мектептегі осынау қанды оқиға Қазақстанда бірінші немесе екінші рет қана тіркеліп отырған оқиға болғанда «бәлкім, кездейсоқтық шығар» деп үндемей-ақ қоя салар ма едік. Мұның тәуелсіздік алған жылдардан бері тіркелген нешінші қылмыс екенін, Дәуіржанның ажалы өз құрбы-құрдастарынан келген нешінші бала екендігін статистика жүргізетіндер білмесе біз білмейміз. Біздің білетініміз, жасөспірімдер қылмысын ауыздықтау мәселесінде Қазақстан өкіметінің соншалықты бейғам, «күл болмаса бүл болсын» дегенге ұқсайтын позиция ұстануы. Қазақстанда жасөспірімдер тәрбиесі, тәртібі деген мәселелермен негізінен құқыққорғау органдары ғана айналысады. Осы мәселемен тікелей айналысады делінетін Білім министрлігі жоғары оқу орындарын ашумен, жабумен, біріне бірін қосумен, ҰБТ өткізумен әуре. Олардың мектепке, ондағы тәрбие мәселесіне жөндеп бұрылуға қолы тиер емес. Спецификасы қылмыс ашу болып табылатын құқық қорғау органдары жасөспірімдер қылмысына да мал ұрлығы, пәтер тонау, қыз зорлау, кісі өлтіру, ұйымдасқан қылмыстық топ құру сияқты қылмыс түрлеріне қарағандай қарайтын болуы керек. Бұл мәселеге басқаша көзқарас ұстанса жасөспірімдер қылмысы дегеніңіз ендігі сап тиылар еді ғой. Білеміз, қазір-ақ біраз адам «не айтып отырсың, сап тиылуы мүмкін емес» деп өре түрегелуі мүмкін. Неге тиылмасын, тиылады. Ол үшін ең бірінші кезекте ата-ананың жауапкершілігін қатайту қажет. Бізде қалай? Бізде ең бірінші кезекте баламен әрі кетсе алты сағат уақытын өткізетін мұғалім байғұс жауапқа тартылады. Директор мен оның тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметімен қош айтысады. Ал, баланың ата-анасына келген жауды көрген ешкім жоқ.
Бізде осы жылдар ішінде «қылмысты көбінде әлеуметтік тұрмысы нашар отбасылардан шыққан балалар жасайды» деген бір оңбаған түсінік қалыптасып үлгерді. Оттаған сөз! Дөй бизнесмендер мен дөкей бастықтардың балалары шеттерінен етектеріне намаз оқып жүр десек, онымыз немереге айтар ертегі ғана болып шығар еді. Жан қалтасында тапанша, жеңінің ішінде пышақ жасырулы жүрген жүгермектердің көпшілігі әке дәулетіне, әке беделіне сеніп жүргендер. Кешегі жетпісінші-сексенінші жылдары баласы адам өлтіру былай тұрсын, жәй бұзықтық жасап қойғандығы үшін ғана талай басшының ит масқарамен қызметтен кеткендігін аға буын мен орта буын жақсы біледі. Ел ондай жандарды «баласы үшін ұрылып кетіпті» дейтін. Сіз қазір баласы көлігімен адам қағып өлтірген әкімнің немесе әкім орынбасарының сол үшін қызметтен кеткен оқиғасын білесіз бе? Білмейсіз. Себебі, олардың баласының адам қаққанын ел керек болса білмей де қалады. «Білсең айта ғой» дейсіз бе? Айтуға болмайды, өйткені Сіз бен біз өмір сүріп отырған қоғамда ұрлық істегендігі үшін ұры емес, оны ұры деп айтқан адам жауапқа тартылады. Ұрыны ұры деп тек сот қана айта алады!
Қалай болғанда да, бала тәрбиесі үшін ең бірінші кезекте ата-ана жауапты. Болашағыңыздың дұрыс болғанын қалайсыз ба, онда ең бірінші кезекте балаңызбен өзіңіз жұмыс жүргізіңіз. Оны керемет адам етемін деп мешітке жіберудің де қажеті жоқ. Оның молдасы да өзіңіз, имамы да өзіңіз! Мешітте тек періштелер отыр деп ойласаңыз да қателесесіз. Періштелер рамазан айында мешітке түскен садақаларды қаптап ұрламайды. Періштелер садақаға түскен ақшаға қызының оқуға түскенін жуып, арақ ішпейді. Періштелер есірткі сатып, тәртіп сақшыларының қолына түспейді. Періштелер мейлі сотта ақталып шықса да соңынан «мешітте қыз зорламақ болды» деген сөз ертпейді. Біз санамалап шыққан оқиғалардың барлығы да Қазақстан мешіттерінде орын алды ма, демек, бұл салада да шешімін күтіп тұрған мәселелер жетерлік деген сөз! Молдалардың ұрлығын мешітке бейнекамералар орнатумен тиямын деу күлкілі. Бейнекамера мешітте емес, олардың әрқайсысының жүрегінде тұруы керек. Сауда үйі емес, жанар-жағармай құю бекеті емес, басқа емес, мешітке бейнекамера орнату деген сұмдық қой! Құдайдың үйі түгілі өз үйіне құлып салмаған, есігіне ала жіп керіп кете салатын елдің баласы емес пе едік?!
Өткен аптада жүректі ерекше жылытқан оқиғалардың бірі «Мерейлі отбасы» атты тамаша іс-шараның бүкіл қазақстандықтардың көзайымына айналуы. Сегіз ұл-қыздан 33 немере, 10 шөбере сүйіп отырған түркістандық Елтай Бимаханбетов сияқты жүрегі иманға тұнып тұрған қариялар қазақтың қай ауылында да кездеседі десек қателеспеспіз. Садақа жәшігін тонап жүргендерді қайтесіз, міне, өзіңізге де, балаңызға да үлгі болатын жандар осы қариялар!
Иә, балаңызды тәрбиелеңіз, ол түптеп келгенде қоғамды тәрбиелегеніңіз болып шығады.
Абай БАЛАЖАН,
«SKIFNEWS. KZ».