Бұрынырақта да айтқанбыз, бүгінде әкімдердің іскерлігі сол өзі басқаратын ауданның немесе облыстың оқушыларының Ұлттық Бірыңғай Тестілеу барысында қанша балл жинағанымен есептелетін болып қалды. Құдайдың мұнысына да шүкір, әншейінде анау-мынау жандарыңызды көзге іле бермейтін әкіміңіз соңғы қоңырау аяқтала салысымен-ақ ауылда күніұзақ арақ ішіп жүретін Сәрсенбайлар мен Бейсенбайлардың балаларының тілеуін тілей бастайды. Бір сөзбен айтқанда, әкімнің тағдыры алқаш Бейсенбайдың мұрынбоқ баласының қолында! Сол жүзге жетіп жығылса әлгіні он бір жыл бойы өзі оқытқандай-ақ әкіміңіздің жалы күдірейіп шыға келеді. Елу балл да жинай алмады ма, қасіреттің көкесі осы! Ауданы немесе облысы ҰБТ-дан төмен балл жинаған әкім біліксіз, іскерлік қабілеті төмен, жұмыс істей алмайтын әкім болып табылады.
Осыдан кейін мына өмірде әділдік жоқ деп көріңізші!
Сонымен, біздің елден мұғалімге әлі келмейтін адам таппайсыз. Қаржы полициясының қызметкері де, прокурор да, әкім де, министр де, үкіметтік емес ұйым мүшелері де, басқалар да «ашуы келсе» мұғалімді бұрышқа тұрғызып қоя алады. Сабақтан тыс уақытта екі жүгермек төбелесіп, біреуі жазым болса да мұғалім кінәлі, ата-аналардан ақша жиналса да мұғалім кінәлі, анаған да мұғалім кінәлі, мынаған да мұғалім кінәлі...
Мұғалімнің сөзін бір сөйлесе Білім және ғылым министрлігінің өкілдері сөйлеуі керек еді. Олар қалай болғанда да, мұғалімнің немен тыныстап отырғанын, қандай ауа жұтып жүргенін, рахатынан азабы мол жұмысының бағасын басқаларға қарағанда жақсырақ білуі тиіс қой. Бірден кесіп айтайық, Білім және ғылым министрлігіндегілер бүгінде мектебіңізді менсіне бермейді. Оларға жоғары оқу орындарымен жұмыс істеген әлдеқайда «қызығырақ». Бірін ашады, бірін жабады, біреуін біреуіне апарып қосады. Мына қалың ел қанша жерден «бұл процесс жайдан жай жүзеге асырыла салмайды, оның бәрі миллиондаған ақша тұрады» десе де айғақты дәлеліміз болмаған соң біз олай кесіп айта алмаймыз. Кешегі Жұмағұловтардың, бүгінгі Сәрінжіповтердің беделі үшін көпті бәлеқор қыла саламыз да.
Иә, бұл күнде мектеп мұғалімдері өз алдына бір әлем, Білім және ғылым министрлігі өз алдына бір әлем. Бізге министрліктегілер мектеп мұғалімдерінің шын жай-күйінен бейхабар сияқты болып көрінеді де тұрады. Біздің осынау күмәнді ойымызды КТК телеарнасының «Білім және ғылым министрлігі ата-аналардан ақша жинауды доғармай отырған мектептерге қарсы ауқымды күрес жариялады» деген ақпараты одан әрі бекіте түсті. Осынау ақпаратқа сенсек, ендігі жерде оқушылардан жылу жинаған ұстаздар жұмыстан қуылмақ.
Бір қарағанда бәрі дұрыс сияқты. Бірде-бір ата-ананың үйінде ақша басып шығаратын станогы жоқ. Алайда, бір мәселенің басын ашып алайық. Сіз ата-аналардан ақша жинағаннан байып кеткен бір мұғалімді білесіз бе? Сіз ата-аналардан жинаған ақшаға «Мерседес» немесе «Лексус – 570» мініп жүрген бір мектеп мұғалімін көрдіңіз бе? «Мерседес» пен «Лексусты» да қоя беріңіз, Аслан Сәрінжіповті де айтпайық, оның орынбасары Такир Балықбаевтың киіп жүрген кәстөмін иығына ілген бір мұғалім бар ма? Жылда ата-аналардан ақша жинайды, еш болмаса Балықбаевтың киген кәстөмін киюі керек қой. Дегенмен, ондай мұғалімді біз көрген емеспіз. Сіздің де көргеніңізге күмәніміз бар. Сонда «Мерседес» мінбесе, екі қабатты үйде тұрмаса, Сәрінжіповтің кәстөміндей кәстөм кимесе, олар бұл жинаған ақшаны нанға қосып жей ме, не істейді?
Қарапайым сауалдың жауабы да қарапайым. Мұғалім ол ақшаға еден мен есік-терезе сырлайтын бояу сатып алады. Жөндеу жұмыстарына деп бюджеттен бөлінген ақша мектептің жартысына-ақ жетеді. Онда да бір жыл бойы кеппейтін, сапасыз һәм арзан бояуға ғана жетеді. Мемлекет мектепке Сіз үйіңіздегі еденді сырлайтын «Бергер» бояуын өмірі алып бермейді. Бояуыңыз сапасыз болған соң жұмысыңыз да сапасыз болады. Сапасыз жұмыстың «рахатын» бірінші кезекте кім көреді, әрине, мұғалім көреді. Сосын ол байғұс қалталы ата-анаға жабыспағанда кімге жабысады?! Содан пайда көрсе бір-екі құты бояу пайда көрер, үйіне апарса сол бір-екі құты бояуды апарар, сонда министрлік «ауқымды күресін» осыларға жарияламақ қой. Осыны айтқан Балықбаев күшті екен, «ауқымды күрестерін» кеше Жұмағұловтарға қарсы неге жарияламады?! «Бәрінің әлі мұғалімге келеді» деп отырғанымыз сол.
Министрлер мен олардың орынбасарлары, әкімдер мен олардың орынбасарлары, басқа да нанын көптің үстінен ажыратып жүрген атқамінерлер қатты айтты деп ренжімей-ақ қойсын, бұл ағайындар соңғы кездері көктем мен күз айларында біртүрлі сөйлейтін болды, біртүрлі мінез көрсете бастады. Әңгіме жоқ, саудың тамағын ішеді, бірақ, сөйлеген сөздері саудың сөздеріне мүлде ұқсамайды. Дәлел керек пе? Алысқа бармай-ақ қоялық, КТК-ның біз сөз етіп отырған ақпаратында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Такир Балықбаев «Арнайы ақша жинау деген біздің заңымызда, ережелерде жоқ нәрсе. Олай болуға тиіс емес. Білім саласында бақылау комитеті бар, оның жергілікті жерде департаменттері бар. Осындай сұрақтар болып жатса, бұл ұйымдар тексеріс жүргізеді» деген сарында түсініксіздеу бір әңгіме айтып қалды.
Такир Оспанұлы, кешіріңіз, Сізбен біреу «арнайы ақша жинау деген біздің заңымызда бар» деп дауласып отыр ма? Сіз вице-министр басыңызбен біздің заңы бір басқа, заманы бір басқа елде өмір сүріп отырғанымызды шынымен-ақ білмейсіз бе? Сіз күшті екенсіз, «ауқымды күресіңізді» мектепке емес, мектептің жөндеу жұмыстарына сапасыз бояу бөлетіндерге, оның өзін жарым-жартылай бөлетіндерге қарсы ашыңыз! Мұғалімдер сол кезде өзіңізді қолдап, қол шапалақтамаса Қазақстандағы бүкіл мектепті жауып тастасаңыз болады.
Біздіңше, мұғалім туралы әңгіменің өзгеретін уақтысы болған сияқты...
Абай БАЛАЖАН,
«SKIFNEWS.KZ».