$ 494.87  520.65  4.91

ПАРА... ТАБА... ТОБА...

Шымкент қаласындағы №68 орта мектептің бұрынғы директоры Клара Нұрбекова баспасөз-мәслихатын өткізіп, жұртшылық ондағы сөйленген сөзбен әлеуметтік желілер арқылы танысты.

Нұрбекова не дейді?

Нұрбекова өзінің қызметтен заңсыз шеттетілгенін айтады. Үстіміздегі жылы 4 ақпанда оның шаруашылық істері жөніндегі орынбасары Шырын Фатыкова сол кездегі қаржы полициясының қолына пара алып түседі. Пара алғанда да қызық, Фатыкова Әсел Туашова дегеннен параны дәлізде алады да, қаржы полицейлері оны директордың кабинетіне дырылдатып сүйреп әкеледі (!). Алынған ақша Фатыковадан кабинетте түсіп қалады. Клара Нұрбекова осылай деп отыр.

Әрі қарай белгілі, бұрынғы директор мен оның орынбасары түрмеден әупірімтәңірмен әрең дегенде аман қалғанымен, жаза атаулыдан ада-күде құтылып кете алмайды.

Құдайшылығын айтайық, Қазақстан мектептерінде, оның ішінде Оңтүстік Қазақстанда директорлар пара алмайды дегенге бұл күнде бесіктегі бала да сенбейді. Директорлар пара алмаса мектепке жәй мұғалім болып кірудің бастапқы бағасы 3000 АҚШ долларына дейін шарықтап көтеріліп кетпес еді ғой. Бұл – ешқашан дәлелденбейтін, алайда, елдің бәрі білетін шындық. Жаңа Қазақстанда пара алмайтын адам директор да бола алмайды. Оңтүстік Қазақстан облысында өздерін періште санайтын мектеп директорлары осы сөзіміз үшін бізді  сотта жеңуі мүмкін, бірақ, Құдайдың алдында олардың қайта-қайта қарабет боларына біздің де иманымыз кәміл. Дегенмен, түсіну керек, бірде-бір директор параны алам деп алмайды, себебі, өзі директор боларда аудандық немесе қалалық білім бөлімінің бастығы мұның да 20-30 мың долларын қағып алған. Енді сол ақшасын осындай жолдармен шығарып алмағанда не істейді?! Оның үстіне жұмыстан кімді шығарды, кімді қабылдады, білім бөлімі бәрін көріп отыр. Әр жұмысқа кірген мұғалімнен оқу бөлімінің бастығы бар, басқалар бар, «өз үлестерін» тағы да «сындырып» алып қалып отырады. Сонда директорға әлгі 3000 доллардың үштен бірі қалса, әрең қалады.

Оқу бөлімінің бастықтары да өз кезегінде әкімнің идеология жөніндегі орынбасарына тәуелді, ол әкімнің өзіне тәуелді. Ауданның немесе қаланың әкімі облыстың әкіміне тәуелді. Ол... Жә, бір нәрсені бүлдіріп алмай тұрғанда осы жерден тоқтайық, елдің бәрі жардың шетін басып көруге құмар Жарылқап Қалыбай ғой дейсіз бе?!

Қалай болғанда да, парамен қолға түскен шенеуніктерді бүгінде ешкім де таба қылмайды, тоба қылады. Біз осындай жағдайға жеттік. Себебі, жүйеңіз әлгіндегідей. Бүгінде қарапайым қаратаяқтан бастап, министрге дейін топ-тобымен қамалуды жемқорлықпен күрес деуге де ауыз бармай қалды. Бұл – коррупциямен күрестен гөрі атқамінерлердің бір-бірінен кек қайтаруына, қаржы полицейлерінің жоспар орындауына көбірек ұқсап бара жатқандай әсер қалдырады. Жүйе керемет болса үш-төрт министр қамалғаннан кейін-ақ парақорлық дегеніңіз сап тиылар еді ғой. Жұрттың тастай алмай жүрген жаны бар ма?!

Бір таң қаларлығы, Қазақстанда қаржы полициясына шынымен-ақ пара бере алмағандықтан жұмысқа кіре алмай жүргендерден, пара бере алмағандықтан тендер ала алмай жүргендерден, пара бере алмағандықтан жер телімін ала алмай жүргендерден гөрі түрмеден кеше шыққандар немесе әлі де жазасын өтеп жүргендер көбірек «арызданатын» сияқты әсер қалдырады. Себебі, Құдайдан бір жас кіші халықтың өзі осылай дейді. Мәселен, мына ел кейбір жезөкшелердің полицейлердің «штаттан тыс қызметкері» екендіктерін де айтады. Сол сияқты қаржы полицейлерінің көбінде пара беруші ретінде сотталған азаматтарды пайдаланатыны да әредік-әредік айтылып қалады. Бұл сөздерге сенбейін десеңіз жаңағы Шырын Фатыковаға пара берді делінетін Әсел Туашова сол атышулы оқиғаға дейін ҚР Қылмыстық Кодексінің 177-бабы, 1-тармағымен шартты жазаға кесіліпті. Жап-жас қыз бала шартты жазасы біткенше тергеушілерге кіріптар болмайды деп кім кепілдік береді?!

Осыдан бірнеше жыл бұрын аталған облыстың Мақтаарал ауданындағы көп әкімдердің бірі жер телімі үшін пара алып жатқанда ұсталған. Оңтүстіктің жұрты ол кезде де ұстатқан адамды бұрын істі болған біреу екен десіп жүрді...

Әлдебір лауазым иесі парамен ұсталған бейнекадрлар қаржы полициясының ұсынуымен телеарналардан қайта-қайта көрсетіледі. Ол кадрларда көбінде  пара алушы көрінгенімен пара берушінің көлеңкесі де көрінбейді. Неге оларды да көрсетпеске?! Оқиғаның ыстық-суығы басылмай тұрып, неге оларды сөйлетпеске?! Қайта-қайта қолдан жасалынатын тосқауылдарға тап болып, шынымен-ақ жаны күйзеліп жүрген адам ба, жоқ, жәй ғана  тапсырыс орындаушы ма, көрермен ақымақ емес, бірден ажыратады. Пара берушінің сөзі біздіңше тергеу жұмыстарына ешқандай да кедергі келтірмейді. Жеке басының қауіпсіздігі дейсіз бе? Қазірге дейін жүздеген министр мен әкім, басқарма мен департамент басшылары, басқа да лауазым иелері парамен ұсталды, солардың өзін ұстатқан адамды өлтіріп жіберген мысалын ешкім әлі естіген де, көрген де емес. Құдайға салады да қояды.

«Құдайға салады» демекші, елдің іші біреулерді парамен ұстатып жіберетін адамдарды ешқашан да жақсы айтпайды. Бүгінде сенатор болып отырған азаматтардың бірі Түркістан қаласында әкім болып жүргенінде жергілікті тұрғындарға қатты азар беріп жіберсе керек, сол елдің бір-екі бас көтерер азаматтары «осыны ұстатып жіберсе қалай болар екен?» деген де ойға келіпті. Ойларын жүзеге асырмас бұрын ақылдасу үшін Шымкенттегі беделді ағаларының біріне келген. Ол ағаларының «бассыздықты тоқтатыңдар, әкім мәңгілік емес, сәл шыдасаңдар ертең өзі-ақ кетеді. Ал, ұстатып жіберсеңдер елдің бетіне мәңгілік қара таңба саласыңдар. «Мына ел сондай» деген жаман атақ балаңның баласына кетеді. Доғарыңдар!» деп інілерімді тиып тастадым» дегенін өз құлағымызбен естіп едік.

Сонау 1984 жылдың маусым айында Шәуілдірде бір дәрігер 15 сом парамен ұсталып, 8 жыл арқалап кеткен. Журналист ретінде соның сотына қатысқанбыз. Әлгі дәрігерді үлкен-кіші бірдей жақсы көруші еді. Содан ба, азаматты ешкім де  жамандыққа қимады. Ол дәрігер мерзімді жазасын өтеп келген соң бұрынғы жұмысына қайта орналасып, қайтыс болғанға дейін табан аудармай сол ауруханада жұмыс істеді. Ал, ұстатқанды... тұрғындар сол сот процесінің үстінде-ақ жеп қоя жаздаған. Тіпті бір қария «шырағым, енді саған жердің үстінде орын бар-жоғын білмеймін, бірақ, Шәуілдірде орын жоқ. Жұрттың көзіне күйік болмай тезірек қараңды батырғаның дұрыс» деп еді. Рас-өтірігін кім біліпті, кейінірек әлгі адам туған жерімен қоштасуға мәжбүр болыпты дегенді де естігенбіз.

Мұның бәрін не үшін айтып отырмыз? «Парақорға бүйрегі бұрып отыр» деп ойлаушылар болса оңбай қателеседі. Парақорға біз өмір сүріп отырған қоғамда орын болмауы тиіс. Сондай-ақ, азаматтарды парамен ұстатып жүргендерге де бір сәт ойланып қойған артықтық етпейді. Қалай болғанда да, абыройсыздау тірлік қой... Жалпы, қоғамдағы жемқорлықтың түрмемен тиылмайтыны белгілі болып қалды. Біздің қоғам бүгінде рухани тәрбиеге сусап тұр. Анық жемқорлықпен күрескіміз келеді екен, біз кешіктірмей осы мәселені қолға алуымыз керек. Адамдарының мәдениеті жоғары, тәрбиесі тамаша қоғамда пара алып, пара беру дегендеріңіз түп-тамырымен жойылып кетпегенмен, кәдімгідей азаяды. Адамдар бүгінгідей пара берушіден емес, пара алушыдан жиіркенетін болады. Әрине, жемқорлықпен шынымен күрескіміз келсе! Әйтпесе... Үлкен лауазым иесі пара алып қолға түсіп тұрса да және онысын телеарналардан бадырайтып көрсетіп тұрса да адамдар ешнәрсеге сенбейтін болып барады. Диагнозын «подстава!» деп бір-ақ ауыз сөзбен қояды.

Р.S. «Әсел Туашова тапсырыс орындады» деуден аулақпыз. Мақала бір оқиға үшін ғана жазылған жоқ, көпшілікке ой тастау үшін жазылды.

Абай БАЛАЖАН,

«SKIFNEWS .KZ».

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары