$ 441.8  480.02  4.88

Бекболат Тілеухан: «Біз де пендеміз, біздің де бала-шағамыз бар, бізге де қажеттілік бар»

Мәжіліс депутаттары жалақысының өсуі кешелі бері қоғамда қызу талқыға түсті. Мұны лайықсыз дейтін қоғам белсенділері көп. Сондай-ақ, мәжілісмендер өзге саяси қызметкерлермен бірдей жалақы алуы тиіс деп депутаттардың жағына өткендер де кездеседі. Ал, "халық қалаулыларының" өздері болса жалақының өскені негізді деп отыр.

Saigez порталының жазуынша, депутаттар бұл жаңалықты қуанышпен қарсы алған. Тек жеңіл атлетикадан Олимпиада ойындарының чемпионы Ольга Шишигина ғана мұқтаж жандардың жалақысы өсу керек деген пікірін білдіріпті.

Мәселен, Бекболат Тілеуханның сөзінен түсінгеніміз, әрбір қызметкер өзінің еңбегіне, жауапкершілігіне лайықты жалақысын алуы тиіс екен.

«Депутаттар да мемлекеттік қызметкер. Халықтың мұңын айту керек. Олардың мойнына артқан жауапкершілік көп. Жауапкершілігіне орай өзінің еңбекақысын алу керек деп ойлаймын. Жалақысы көбейсе қуанбайтын адам бола ма?! Біз де пендеміз, біздің де бала-шағамыз бар, бізге де қажеттілік бар», — дейді депутат Тілеухан.

Ал, Мәжілістің вице-спикері Владимир Божко болса бұл жаңалыққа даурығудың қажеті жоқ екенін айтып отыр. Өйткені, мемлекеттік қызметтегілердің бәрінің жалақысы осы уақытқа дейін өскен екен. Тек депутаттар ғана кезегін 4 жыл күтіпті.

«Саяси қызметкерлер арасында жалақысы соңғы боп өскен осы депутаттар, Негізі бұл шешім осыдан 4 жыл бұрын қабылданып қойылған еді. Министрліктер мен өзге де ведомстволардағы жалақыны біртіндеп өсіремін дегенше 4 жыл өтіп кетті. Міне, енді біздің кезегіміз келді», — дейді В.Божко.

Ольга Шишигина болса өзге пікірде.

«Бір жағынан өте қуанышты жаңалық. Екінші жағынан, жалақысын көтеруге болатын басқа да мұқтаж адамдар бар. Мәселен, дәрігерлер мен мұғалімдер», — дейді Олимпиада чемпионы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары