$ 444.22  476.38  4.82

Билік латын әліпбиіне көшуге шындап кіріскендей

Күні кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Әсіресе, президенттің латын әліпбиіне көшуді биылдан бастау керек дегенін қазақтілді қоғам қуана қолдауда.

Иә, Елбасының «биылдан бастау керек» дегені биылдан бастап түгел латын әліпбиіне көшіп кетеміз дегенді білдірмейді. Бұл процесс ұзақ уақытты, ауқымды жұмысты және қыруар қаражатты қажет ететіні белгілі. Сондықтан, биыл сол жұмыстардың іргетасы қалануы тиіс. Яғни, латын әліпбиінің стандарты қабылданады. Ал, алдағы бірер күнде латын әліпбиіне көшу жөніндегі арнайы жұмыс тобы құрылады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Болат Әбдірәсілов мәлім етті деп жазады Қазақпарат.

«Бұл мәселе 2012 жылдан бастап жан-жақты талқыланған болатын. Сол кезде арнайы топ құрылып, оның құрамына еліміздің гуманитарлық институттары, Тіл білімі институты, Философия институты кірді. Өзбекстан, Әзербайжан және басқа да елдердің тәжірибесі зерделеніп, әдістері жасалды. Ал Мемлекет басшысының кешегі мақаласында латын әліпбиіне көшудің нақты мерзімі айқындалып отыр. Бұл жұмысты бастадық, бүгін жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданады деп ойлаймын. Оның құрамына ғалымдарымызды, тіл білімі саласындағы мамандарды шақырамыз. Тәжірибе, белгілі бір деңгейде әзірлемелер бар. Меніңше, сәйкесінше шешім де қабылданатын болады», - деді комитет төрағасы.

Оның айтуынша, латын әліпбиіне көшуде көптеген проблемалардың туындайтыны анық. Әсіресе, мектептердегі оқулықтар түгел алмастырылуы қажет болады.

«Біз көптеген ғылыми сараптамалар жүргізуіміз керек. Себебі латын әліпбиіне көшу барысында әртүрлі проблемалар шығады. Мәселен, бірінші сыныптан бастап оқулықтарды өзгерту керек. Бұл өте ауқымды жұмыс. Бізде орыс тіліндегі басылымдар кирилицамен шығады. Ал енді біз қазақ басылымдарын латын әліпбиіне өткізсек қалай болмақ. Халықаралық-саяси да проблемалар бар. Дегенмен болашақ үшін латын әліпбиіне көшуіміз керек», - деді Әбдірәсілов.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары