Қазақстанның бес бірдей облысын қызыл су шайып кетті. Мыңдаған адам бір-ақ сәтте басындағы баспанасынан айрылып отыр. Келтірілген материалдық шығын алдағы уақытта есептелгенімен, қазірдің өзінде бұл соманы миллиардтармен санайтынымызға күмән жоқ. Ал, кеше ғана «жоғары жалақы алуға лайықтымыз» деп отырған халық қалаулылары бүгінде сол халыққа қол ұшын созуға жарамай отыр. Апат боп жатқан аймақтардан бірде-бір депутаттың төбе көрсеткенін көрген жоқпыз.
Қазақта «шаш ал десе, бас алады» деген тіркес бар. Бұл тіркес әсіресе, Сталиннің заманындағы ұжымдастыру кезінде кеңінен қолданылды. Яғни, Компартияның бұйрықтарын тым асыра сілтеп орындайтын жергілікті билік өкілдерінен әбден зәбір көрген халықтың айтқаны бұл.
Енді қазір еліміз тәуелсіздік алып, еркіндікке қол жеткіздік деп қуанғанымызбен, әлгі шаш ал десе бас алатын «жаман әдет» біздің билік өкілдерінің бойынан әлі де табылып жатыр. Кейде мұны ген арқылы жұғатын індет пе деп қалатынымыз да жасырын емес.
Баршаға мәлім, осыдан 2-3 жылдай уақыт бұрын Астанада өткен үлкен жиындардың бірінде Мемлекет басшысы Қазақстанды «Ұлы дала елі» деп атайық деген ұсынысын тастаған болатын. Мәселен, қытайлар өздерін «аспан асты еліміз», жапондар «күншығыс еліміз», кәрістер «таңғы самал еліміз» дейді. Өздері ғана емес, бүкіл әлем солай дейді. Ендеше, бізді неге Ұлы дала халқының ұрпақтары деп атамасқа? Қазақстан жері расымен де талай тарихи оқиғаны бастан кешірген, талай тарихи тұлғаны дүниеге алып келген дала емес пе?! Өте орынды ұсыныс.
Бірақ, Елбасының аузынан осы ұсыныстың шыққаны сол-ақ екен, Қазақстандағы барлық затқа да, адамға да, тіпті құбылыстарға да «Ұлы дала» деген тіркес қосыла бастады. БАҚ беттері «Ұлы дала баласы», «Ұлы дала ұланы», «Ұлы дала кілемі», «Ұлы дала жусаны» деген секілді тіркестерге толып кетті. Жағынамыз деп ойлайды ма, әйтеуір шаш ал десе бас алудың кейпі. Құдды бір Президентті кекетіп жатқандай әсер қалдырады.
Сол «Ұлы дала еліміз» деп сұхбат беруден жалықпайтын депутаттарыңыз да, әкім-қараларыңыз да дәл қазір су астында қалған «Ұлы даланың халқына» қол ұшын созуға жарамай отыр. Бүгінде Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Қарағанды облыстарындағы ондаған елдімекенді су шайып кеткен. Мыңдаған тұрғын өз үйлерін тастап, қауіпсіз аймаққа көшірілді. Тіпті, Қарағанды облысында жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланса, Ақмола облысында бір әйелдің қайтыс болғаны туралы ақпарат та бар. Алайда, апат орнына барып, халықтың халін біліп жүрген бірде-бір Парламент өкілін көрмедік. Әйтпесе, кеше ғана «халыққа еңбегіміз барынша сіңіп жатыр» деп жалақыларын 30-50 пайызға дейін көтертіп алды сол депутаттарыңыз.
Таң қаларлығы сол, «адам ақылына қонымсыз» талай бастама көтеріп, талай заң қабылдаған депутаттарымыз бен биліктің өзге де өкілдері жыл сайын қайталанатын тасқын суды болдырмаудың жолын таба алмай жатыр. Әр көктем сайын еліміздегі бірнеше елдімекенді су алып кетеді. Миллиардтаған ақшаға салған жолдар да қирауда. Бірақ, оны болдырмаудың орнына біздегілер апат салдарымен күрескенді «жақсы көретін» секілді. Үйлер мен жолдарды қалыпқа келтіру үшін жыл сайын миллиардтарды жұмсау оларға бәлкім ұнайтын болар...
Ал, егер жыл сайын дәл осылай қайталана берсе біз «Ұлы дала еліне» емес, «Су асты еліне» айналатынымыз сөзсіз. «Ұлы дала» атану үшін соған лайықты ұлы істер атқаруымыз керек. Ұлы істер атқару үшін «туалеттің» төңірегінде сөйлейтін емес, халықтың болашағы үшін іс атқаратын ұлы тұлғалар қажет. Ал, дәл қазір су астында қалған тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіріп жүрген құтқарушыларымызға тілеуін тілеуден әрі аса алмай отырмыз.