$ 494.87  520.65  4.91

КИРИЛ КІСЕНІНЕН ҚҰТЫЛАТЫН КЕЗ ЖЕТТІ немесе кімнің арбасында отырсаң, соның әнін айтасың...

«Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады»

Елбасы жолдауынан

Латын әліпбиіне көшу мәселесінің айтылып келе жатқанына біраз уақыт болды. Бірақ әлі күнге қоғамда әліпбиді ауыстыруға байланысты түрлі пікірлер айтылуда. Біреулер латын әліпбиінің оңтайлы тұстарын алға тартса, енді басқалары бұл істе асығыстық жасамайық деп сақтандырады. Мұндай пікірлердің орын алуы өте заңды. Себебі біз бұған дейін мұндайды бастан кешіріп көргенбіз.  

Бір ғасырда үш әліпби...

Тарихқа көз салсақ, біз өткен ғасырда үш әліпби ауыстырдық. Яғни, үш рет сауатсыздықты бастан кешірдік. Ең алғаш 1926 жылы «замана талабына сай емес» деп, оған дейін мың жылға жуық сауат ашып келген араб әліпбиіне  тиісті. 1927 жылы әуелі Ташкентте, сосын Қызылордада өткен конференцияларда А. Байтұрсынов, І. Ахметов, Е. Омаров, Ә. Байтасов, ал Ә.Байділдаұлы, Т.Шонанұлы, Ә.Ермеков тағы басқа оқығандар араб графикасын жақтап, мынадай дәлелдер келтірді:

1) Араб әліпбиі қазақ тілінің дыбыстық жүйесін дәл бере алады;
2) араб әліпбиі оқуға, жазуға, сауат ашуға қолайлы;
3) өнер құралдарына орнатуға қолайлы;
4) көзге көркем көрінеді;

Ал, Нәзір Төреқұлов бастаған топ бұған қарсы шығып, «яналиф», яғни латын хәрпіне көшу қажет деген тоқтамын айтты. Алайда, бұл екі топ қанша дауласса да, Мәскеу шешім шығарып қойған еді. Сол шешім бойынша, Қазақстанның мектептерінде, жеке кәсіпорындарында және мекемелерінде латыншылардың «Жаңа әліпбишілер үйірмесі» немесе «Латыншылар үйірмесі» құрыла бастады. Соңғылары тек айтыс-тартыс жиналыстарын ғана емес, арнайы жаңа әліпбиді үйрететін үйірме сабағын да ұйымдастырды, баяндамашылар үшін тезистер құрастырып, жергілікті газеттерге ұжымдық мақалалар жазды. Осы жылы Н.Төреқұловтың «Жаңа әліпби туралы» атты кітабы басылып шықты. Осыдан кейін жаппай латынға көшіру тіпті күштеп жүргізілді. Арабша жазуды «ескілік», «кертартпалық» деп, әліпбиде хат жазғанды жазғырды, жазалады. Әріп ауыстыру қудалаумен, қатал саясатпен жүзеге асты. Бұл асығыстықтың астарын сол кездегі республика басшысы Голощекин былай деп түсіндіреді: «На первом этапе – разбить интеллигенцию на две враждебные группы, и с помощью одной группы уничтожить наиболее известных, пользующихся большим авторитетом у народа представителей интеллигенции, обвинив их в «национализме». Чтобы искоренить вредные идеи «националистов» сменить алфавит казахского языка... На пятом этапе – ликвидировать всю оставшуюся часть казахской интеллигенции, еще раз сменить алфавит казахского языка, тем самым лишить возможности подрастающего поколения узнать историю своего народа из первоисточников» («Пять вопросов т.Сталину» атты Голощекиннің хатынан үзінді. 1925)

Ең қызығы, арабша жазуды жою науқаны – атеизмді насихаттаумен бірге жүрді. Коммунистер араб әліпбиін жоя отырып, қазақтарды мұсылманша хат танудан мақұрым етуді мақсат тұтты. Және олар бұл мақсаттарына жетті де. 1939 жылы Мәскеу кенет «латын алфавитін тастап, кириллицаға көшіңдер» деген әмір берді. Бұл кезде қазақтың бас көтерер азаматтарының көбі атылып кеткен болатын. Сондықтан қарсы келер ешкім жоқ, бұйрық берілісімен екі-ақ айдың ішінде жаңа алфавит түзілді. Негізінен, қазақтың бар дыбысын бейнелеуге 28 әріп жеткілікті еді. Алайда, кириллицаны қабыл алғанда үстем ел бірнеше қаріп қосып,  42 таңбаға бір-ақ жеткізді. Әрі онысын қазақы тіл баий түсті деп арқадан қаққаны бар. Өзіміздің ұлттық табиғатымызға сәйкес келмейтін, төл дыбыстауымызға келмейтін Ю, Я, Ф, Ь, Щ, Ч, Ц секілді әріптер енгізілді. Мұның қазаққа қандай қажеттігі бар еді? Қажеттілігі сонда, кирил әліпбиіне өткізу – қазақты тездетіп орысқа сіңдірудің жолы еді. Бұл мақсат жүзеге асып, сонау 1940 жылдан бері біз әлі күнге кирил қарпін қолданып жүрміз. Саяси салдарын айтпағанда, бұл біздің төл дыбыстарымыздыы құртып, тілімізді интернетке икемсіз етті. Қазақ тілін жаңа заманға бейімделе алмайтын деңгейге түсірді. Қысқасы, кирил қарпін қимасқа ешбір негіз жоқ.     

Ал, бүкіл түрік ұлысы ұмтылып отырған латын жазуы ше?! Ол әліппенің иесі, яғни латын деген ұлты жоқ. Мұнымен айтқым келгені – қай халықтың әліпбиін қолдансаң, сол жазудың иесіне бағынышты болып қаласың. Олай болса, Ресей сияқты қожайыны бар кирилге кісенделгенше, әлемдік әліппе латынға көшкеніміз дұрыс емес пе?!

Көрші елдер тәжірибесі

Әзірбайжан:  

1991 жылы 25 желтоқсанда Әзірбайжан Республикасының Президенті А.Муталибов «Латын графикасы негізіндегі әзірбайжан әліпбиін қалпына келтіру туралы» заңға қол қояды. Бұл заң бойынша, Әзірбайжанда 1940 жылға дейін қолданылған 32 әріптен тұратын латын графикасындағы әліпби азын-аулақ өзгерістермен қалпына келтірілу ұйғарылды. Сөйтіп, бұл елде 1991-2001 жылдар аралығында мынадай шараларды жүзеге асырды:

– ең бірінші орта білім беретін мектептің бірінші сыныбы мен басқа сыныптары латын графикасында білім алды;
– 5-6 жылдың ішінде барлық ісқағаздары кезеңімен жаңа қаріпке көшірілді;
– осы аралықта барлық мемлекеттік мекемелер латын жазуына көшірілді;
– соңында барлық БАҚ латын әліпбиіне көшірілді.
    Алайда, осы ретте мынадай қиындықтардың да орын алғанын айта кетуіміз керек:

1) мектептер латын қарпіне көшірілген алғашқы жылдары оларды оқытатын мұғалім тапшы болды. Ал, кирилл графикасында білім алған мұғалімдер үшін латын әліпбиін оқып-үйрену қиынға соқты;
2) балаларға арналған латын қарпіндегі әдебиеттер тапшы болды;
3) ересектерге арналған латын жазуын оқытатын курстардың аздығынан ұрпақ арасындағы түсіністік қиындап қалды;
4) кирилл графикасына негізделген бір ғасырлық мұралардың барлығын толықтай халық пайдалана алмады.

Өзбекстан

1993 жылы 2 қыркүйекте Өзбекстан Рес­пубикасы «Латын графикасы негізіндегі өзбек әліпбиін енгізу туралы» заң қабылдады. Бұл заңға сәйкес 26 әріп, үш әріптік тіркестен тұратын графемалар жүйесі қабылданды. 1994 жылдың 16 маусымында осы заңды жүзеге асырушы мемлекеттік бағдарлама бекітілді. Осы бағдарлама бойын­ша орта және жоғары білім беретін мекемелерде өзбек тілі мен әдебиетінің оқулықтарын, өзбек тілінің сөздіктерін жасау жоспарланды. Сөйтіп, 1993-2007 жылдар аралығында мынадай шаралар жүзеге асырылды:
– орта білім беретін мектептің бірінші сыныбы мен басқа сыныптары латын графикасында білім алды;
– осы жылдар ішінде мемлекеттік ісқағаздарының бір бөлігі жаңа қаріпке көшірілді;
– барлық мемлекеттік мекемелер атау­лары мен маңдайшалардағы жазу латын әрпіне көшірілді;
– ресми БАҚ латын әліпбиіне көшірілді;

Алайда:
– жекеменшік мекемелердегі ісқағаздар латын қарпіне толық көшкен жоқ;
– орыс және қазақ мектептерінде кирилл жазуымен білім берілді.

Дайындық қалай жүргізілуі керек?    

Ал, енді өзі елімізге келсек,  қазіргі заман – техниканың тілі дамыған заман екенін білеміз. Әсіресе латын жазуына көшуге жастардың құлшынысы басым десем артық емес. Студенттер арасында өткізілген сұхбатта, жастар дайын екендігін сеніммен айтып отыр. Студенттерді былай қойғанда, мектеп оқушыларының пікірлері де латын әліпбиіне көшуді қолдайды. Яғни, келешек ұрпақ үшін латын әліпбиін меңгеру қиындыққа соқпайтыны анық. Бұл – қоғамдағы үлкен факторлардың бірі. Келесі фактордың бірі, ол – ғаламтор арқылы әлемдік ақпараттануда еш кедергісіз, еркін және жылдам түрде қазақ тілінің орын алуы. Ал ол – латын жазуы арқылы іске асатын дүние. Сондықтан да, бұл жерде тілші-фонолог мамандар жаңа әліпбиді жасауда информатик-программистердің пікірімен санаса отырып, бірлесіп жұмыс жасаулары қажет. Сонда ғана толыққанды және еш кемшілігі жоқ әліпби болатыны сөзсіз. Ең маңыздысы жаңа әліпби барлық қазақстандықтарға арналып жасалынуы тиіс.

Сонымен жаңа латын жазуына көшу барысында атқарылатын шаралар жөнінде айтар болсақ мынадай:

Біріншіден, тәжірбиелі мамандар (тілші-фонолог, информатик-программист) бірлесе отырып, барлық ұсынған латын әліпби жобаларын зерделеп, жаңа әліпби нұсқасын жасап шығару керек те, тәжірибе ретінде телеарналардан және баспа беттері арқылы қабылданғалы тұрған қазақ халқының жаңа әліпбиін міндетті түрде қарапайым халыққа таныстыру, түсіндіру шараларын жүргізу қажет.

Екіншіден, Елбасы бекіткеннен кейін жаңа әліпбиге сәйкес емле-ережелері жасалынып, оқулықтары шығуы керек.

Үшіншіден, жаңа әліпбиді оқытатын оқытушылар дайындалып, олар жергілікті жерлерде мектеп, бала-бақша, жоғары оқу орындары, кәсіп орындары, әкімшілік т.б жаппай мекемелерде «Жаңа әліпбиді оқыту» курсын жүргізулері қажет. Мұның басқа да қаржыландыру, ұйымдастыру сияқты жақтары құзырлы орындарға жүктелуі тиіс.

Төртіншіден, жаңа әліпби негізінде оқулықтары дайын болған соң, қай тілде болсын балабақша мен 1-сыныптан бастап оқытыла бастауы керек, олар бітіріп шыққанша 12 жыл өтеді.

Бесіншіден, көшедегі, жол бойындағы жазулар, әртүрлі мекемелер мен сауда орталықтары т.б маңдайшадағы жазулардың бәрі жаңа әліпби қабылдаған сәттен бастап, ауыстырылуы керек және мұны қадағалайтын тіл орталығы мен әкімшілік тарапынан жүзеге асырылуы керек.

Алтыншыдан, Республика бойынша жергілікті жерлердің барлығында іс-қағаздары мен заңды құжаттар бекіткен жаңа қазақ әліпбиімен жүргізілуі тиіс.

Латын әліпбиіне көшкенде біздің ұтатын жақтарымыз: 

Біріншіден, тіл тазалығы мәселесі. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. 

Екіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Уақыт та, қаржы да үнемделеді. 

Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады. 

Төртіншіден, түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз керек.

Латын әліпбиіне көшу – қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісі мен жеңісін әкелері сөзсіз. Біз латын әліпбиіне көше отырып, өркениетті елдердің қатарына қосылып, тіліміздегі дыбыстық жүйелерді нақ анықтап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде сөздер қолданысындағы артық кірме сөздерден арыламыз. Сондықтан латын әліпбиіне көшу біз үшін, болашақ үшін әлдеқайда маңыздырақ. Бұл жердегі басты мәселе – жобаны өте сауатты түрде іске асыру. Ол үшін мемлекет басшысы 8 жыл уақыт берді. Осы жылдың соңына дейін жаңа графика бекітілсе, 2018-жылдан бастап оны үйрету, оқулықтардың латын әліпбиімен шығарылуы секілді жұмыстар атқарылады, 2025 жылдан бастап іс-қағаздар латын әліпбиімен жүргізіле бастайды. Бір есте сақтайтын жайт, латын әліпбиіне көшу 10-15 жылда атқарылатын жұмыс емес, ол да бір эволюциялық дамудан өтеді. Латынға көшу процесі Өзбекстанда 24 жылға, Әзірбайжанда 9 жылға, Түркияда 30 жылға созылды. Қазақстан осы елдердің тәжірибесін саралай отырып, ең үздік нәтижеге қол жеткізеді деген сеніміміз мол.

Мәриям ӘБСАТТАР

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары