Қазақ фильмдерінде қазақ қыздарының жалаңаштануы, сондай-ақ, ондағы эротикалық көріністер жиілеп барады. Ал, ұлттың мәдени және рухани құндылықтарының сақталуына жауапты негізгі ведомстволардың бірі саналатын Мәдениет және спорт министрлігі әдеттегідей үнсіз. Шымкенттік танымал блогер әрі заңгер Айгүл Орынбек осылай деп дабыл қағып отыр.
Әлде, секс-дауында аты жиі аталған министр Арыстанбек Мұхамедиұлына қазақ қыздары түскен порнофильмдер ұнай ма?
Айгүл Орынбектің бұлай деуіне жуырда ғана шыққан «Көңілдес» қысқаметражды фильмі себеп болып отыр. Танымал саясаткер Ғани Қасымовтың қызы Джулия Ғани түсірген осынау картинада актриса Бибігүл Ақтан толықтай жалаңаштанады. Әттегенайы, автор осындай эротикалық қойылыммен қазақ руханиятының қайнар көзі - Шәкәрімнің поэзиясын насихаттамақ болыпты.
«Бибігүл Ақтан деген қызымыз Шәкерім поэзиясын насихаттау үшін «Көңілдес» деген киноға жалаңаш түсуге мәжбүр болыпты. Ұлы поэзия үшін сондай құрбандыққа барыпты. Шәкерімді насихаттау үшін енді жетпегені қыздарыңды жалаңаштау болды ма?», - дейді блогер өзінің Facebook-парақшасындағы жазбасында.
Ол сондай-ақ, Арыстанбек Мұхамедиұлынан қазақтың мәдениеті мен руханиятына көңіл бөлуін де сұрап отыр. Қалай болғанда да ұлтымыздың мәдениетіне жауапты №1 тұлға емес пе?..
«Құрметті министр! Порно мəдениетіміз қашанғы жалғаспақ? Ұлтымызды əлемге жақсы жағынан танытқымыз келсе түсірілетін киноларды жөндеуіміз керек! Экран бетінде қазақ қыздарының сүйісуі былай тұрсын, тырдай жалаңаш шешініп тастап жатқаны қалай? Ұлы мəдениетімізге, ұлттық идеологиямызға қашан көңіл бөлесіз, министр мырза? Əлде сізге қазақтың қыздары түскен порно фильмдері ұнайды ма?», - дейді Мәдениет министріне көңілі қалған блогер.
Айта кетейік, былтыр Алматыдағы Өнер академиясының түлегі Еңлік Сыдықова Арыстанбек Мұхамедиұлы ректор кезінде өзін азғырғанын айтып, видеоүндеу жариялаған болатын. Артынша, халық артисі Тұңғышбай Жаманқұлов та Еңліктің сөзін растап, Мәдениет министрін айыптады. Алайда, біраз уақыттан кейін аталған видеоүндеулер Интернет беттерінен жоғалса, Тұңғышбай Жаманқұлов киноға бөлінген қаржыны жымқырды деп 7 жылға сотталды.